Президент айтқан проблема: Энергия тапшылығын болдырмау үшін не істеу керек?

Жарияланды
Министр өз жоспарын жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауында электр энергиясы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылға таман еліміз энергетика тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін. Иә, қазір Қазақстанда профицит. Электр энергиясы кемерінен асып төгіліп жатыр. Бірақ бұл арқаны кеңге салып еркінсуге еш себеп болмауы тиіс. Қазір елдегі электр стансалары мен құрылғылары түгел тозған, сала күйреудің сәл-ақ алдында. 

Мемлекет басшысы көптің көкейінде күмәнді ой болып жүрген атом энергетикасы мәселесін қозғады. Әрине, бұл аса шетін мәселе. Атом энергетикасына абайлап аяқ басу керегін бәрі де біледі. Сондықтан да түйткілді тарқатуда үкімет аса мұқият болуы тиіс. Мемлекет басшысы да соны қадап айтты. 

«Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом.  Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын» деді президент. 

Іле-шала энергетика министрі Нұрлан Ноғаев та үн қатты. Министрдің айтуынша, электр энергиясын тұтынудың өсуін және елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін ескере отырып, маневрлік қуаттарды дамыту республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады.

«Осыған байланысты, министрлік генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды салу тетігін іске асыру шеңберінде Түркістан облысы және Қызылорда, Алматы қалаларындағы алаңдар бойынша 2021 жылғы желтоқсанға арналған аукциондық сауда-саттық өткізу кестесін жариялады» деді.

Сонымен қатар, Алматы қаласының экологиясын жақсарту шеңберінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қуат нарығы шеңберінде 600 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын сала отырып, Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру, сондай-ақ қуаты 250 МВт дейінгі бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы ЖЭО-1-ді жаңғырту жөніндегі жоба да іске асырылмақ. Егер осы айтылғандардың түгелі дерлік жүзеге асар болса 2026 жылға қарай елдің оңтүстігінде жалпы инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгеден астам шамамен 2300 МВт қуатты іске қосу күтілуде. Бұл ретте, болашақ жобаларды қажетті отын көлемімен қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлердің қолданыстағы газ инфрақұрылымына байланысты тиісті шаралар қабылдануы қажет.

«Мемлекет басшысы атап өткен жобаларды табысты іске асыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп, оңтүстік өңірлердің экономикасы мен халқының газға деген қажеттілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ энергетика жобаларын іске асыру үшін қосымша инфрақұрылым салу мәселесін пысықтауды бастауы қажет» дегенді айтты. 

Сондай-ақ негізгі басымдықтар қатарында – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту да бар. Соңғы кезде үкімет те бұл салаға инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөле бастаған еді. Министр ұсынған дерекке сүйенсек, дәл қазір Қазақстанда жалпы қуаты 1898 МВт болатын 123 ЖЭК нысаны бар екен. Енді төрт жылдан соң мұндай нысан саны 182-ге жетіп, өндірілетін қуат 4400 МВт болмақ. Осы мақсат орындалу үшін 1 трлн теңге инвестиция керек. Бұл қосымша 6 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндіру, 20 000 уақытша және 1 000 тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 

Министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 3 газ жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші жоба – Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр шикі газды қайта өңдеу қуаты бар газ өңдеу зауытын салу. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру 2041 жылға дейінгі кезеңде қосымша 8-10 млн тонна мұнай өндіруге, сондай-ақ жылына 800 млн текше метрге дейін тауарлық газ өндіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Министрдің айтуынша, батыс өңірлерді газбен қамтып отырған «Мақат – Солтүстік Кавказ» және «Окарем – Бейнеу» магистральдық газ құбырлары өзінің пайдалану ресурсын өтеп болды және диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша олардың көптеген ақаулары бар. Сондықтан газға деген өсіп келе жатқан сұранысты үшін «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін және «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу жоспарланған.

Ведомство басшысы бейбіт мақсаттағы атом мен сутегі энергетикасын дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді жоспарлап отырғандарын да мәлімдеді. Бұл ретте мәселені министрлік «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп зерделейді. Сонымен қатар атом саласында білікті кадрларды даярлау бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, атом саласының мамандықтары бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында студенттерді оқытуға гранттар мен стипендиялар бөлу жөнінде жұмыстарды қолға алмақшы. 

Белгілі энергетик Жақып Хайрушев елімізде АЭС салу бастамасын қолдайды. 

«АЭС – базалық электр станциясы. Базалық энергия болуға көмірдің шамасы жетпейді, ал газ көлемі бізде жеткіліксіз. Сондықтан тапшылық жағдайында АЭС – ең сенімді энергия көзі болып отыр. Және бұл отандық индустрияны дамытуға қуатты серпін береді. Тиісінше, АЭС бойынша бізде кадр тапшы дегенмен келіспеймін. Бізде мықты, білікті кадрлар жеткілікті. АЭС-тің артықшылығы сол, ол – әрі арзан, әрі экологиялық таза энергия. Бұл бейбіт атом станциясы. Сондықтан біз ойлағандай қауіп-қатерге оның қатысы жоқ. Алаңдауға негіз жоқ. Президент мұны дер кезінде байқап, айтып отыр. АЭС құрылысын 2030 жылы бастау қажет емес. 2030 жылы АЭС-тен алғашқы киловатт энергияны алуымыз қажет» дейді сарапшы. 

 

Сондай-ақ оқыңыз