Инвестиция

Қазақстанда АЭС салынады. Тоқаев неліктен мұндай шешім қабылданғанын мәлімдеді

Халық АЭС құрылысынан қауіптенеді

VI Шығыс экономикалық форумының планерлық отырысына қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар экономикалық жоспарларға байланысты пікірі мен болжамын жариялады. Қиыр Шығыстың ерекше потенциалын жоғары бағалаған президент бұл аймақтың Қазақстан үшін маңызды стратегиялық серіктес екенін атап өтті. 

Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға АЭС қажет екенін айтты. Президент бұл мәселені жан-жақты қарау керек деп санайды. 

«Мен Қазақстан халқына жолдауымда Қазақстанда атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндетін қойдым. Мемлекеттің, халық пен бизнестің өзекті қажеттіліктерін тиісті шамада ескеру маңызды. Мен бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет» деді президент. 

Осыған дейін жолдауда мемлекет басшысы 2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы болады деп мәлімдеп, оны шешудің бірегей жолы – бейбіт атом екенін айтқан еді. Бұл аса күрделі мәселе болғандықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешу керек деп те айтты. Президент тапсырмасы бойынша, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуі тиіс.

Президенттің бұл ұсынысына сарапшылар мен желі қолданушылары түрлі пікір білдіруде. Жалпы, ел арасында атом электр станциясының салынуына байланысты орасан қауіп бар. Сарапшы Асхат Қасенғали АЭС-ті салдыру туралы түбегейлі шешім қабылданған күннің өзінде, мұндай үлкен жауапкершілікті Ресейдің қолына тапсыруға болмайды деп санайды. 

«Бұл әлемде бар және көптеген мемлекеттерде тиімді іске асып жатқан технология ғой. Алайда АЭС-ті салуды кімге тапсыру қажет екені де маңызды. Мысалы, бұрын Чернобыль апатын жасаған және АЭС салу бойынша өзіне күмәнді репутация алған Ресейге ме, әлде Франция, Канада, Италия, АҚШ немесе Жапония сынды елдерге ме? Мүмкін біреу Жапонияда да АЭС жарылды дейтін шығар, алайда ол жер сілкінісінен және цунами әсерінен болған еді, Чернобыльдағыдай түсініксіз және өздігінен емес. Сондықтан Жапонияны да бұл тұрғыдан сенімді АЭС салушы ел ретінде санауға болатын шығар» дейді. 

Оның айтуынша, қазір Ресей бейбіт атомды игеру жағынан артта қалды және жемқорлық пен парақорлықтан алға шығып, жаңа технологияны игеру бойынша Батыс пен оңтүстік-шығыс Азия елдерінен әлдеқайда қалып қойды. 

«Жалпы өзім АЭС-ке қарсы емеспін, бірақ оны салынатын болса Ресейдің салғанына қарсы болар едім. Ресейге АЭС тұрмақ, қарапайым үйді де салуға сеніп тапсырмас едім. Әскери қоймасы екі жыл сайын атылатын елге АЭС салуды өте сенімді мемлекеттерге табыстамаса болмас» дейді саясаттанушы.

Асхат Қасенғалидің бұлай дабыл қағуы әсте тегін емес. Себебі, бұған дейін Ресей басшысы және сол елдің билік өкілдері Қазақстанда АЭС салу туралы ойларын ашық айтқан болатын. Мәселен, Владимир Путин 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде: «Өзара іс-қимылдың жаңа формасына көшуді ұсынамын. Айтайын дегенім, Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салу мүмкіндігі» деді. 

Кейінірек Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасындағы бес негізгі бағытты айтып, соның бірі ретінде – Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысын атады. 

«Қазақстан әлемнің өзге елдері сияқты таза энергетикаға мұқтаж. Бұл саладағы ең бір тиімді шешім – атом электр станциясы. Электр энергиясының тапшылығын болжай отырып Қазақстан үшін АЭС құрылысы өзекті болып саналады. Станцияның қауіпсіздігіне және экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып бұл жауапкершілікті Росатом өз мойнына ала алады. Көптеген БАҚ-тарда айтылып жүрген ресейлік бейбіт атомға байланысты фобияның шындықпен сәйкес келмейтінін атап өткім келеді» деген еді елші. 

Біздегі АЭС-тің бір проблемасы Ресей болса, екіншісі – оның қауіпсіздігі туралы. Яғни, жалпы масштабтағы «керек пе, әлде керек емес пе» деген сұрақ. Бір тарап АЭС салу арқылы су алу тәуелділігінен құтылып, тіпті артық электр энергиясын көрші елдерге сатып, табыстың астында қаламыз десе, енді бірі қарапайым әскери қоймаларға ие бола алмай жатқан Қазақстан АЭС-ті аман-есен ұстап отыра ала ма деп қауіп қылады. 

Ресейлік сарапшы Станислав Притчин осыдан екі жыл бұрын Қазақстан үшін АЭС салу тиімсіз деген пікірін білдірген. 

«Қазақстанның жер аумағы өте үлкен, ал халқы аз. Бір өңірде қуаттылығы орасан станция салып, сосын электр энергиясын басқа аймақтарына жіберу үшін аса қымбат тұратын электр беру желілерін тұрғызады. Бұл – көп шығын. Мұндай аса ауқымды жобаны іске асыру үшін ірі шетелдік инвесторларды тарту керек. Сондықтан біраз елдер атом станциясын өз беттерінше тұрғыза алмайды» деген еді. 

Венадағы халықаралық ұйым жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Михаил Ульянов 2019 жылы АЭС пайдасы жайлы айтқан. 

«Иә, әлемде ондай станциялар жабылып жатыр. Мәселен, Германияда. Ал кейбір елдер керісінше атом станциясын салуға тырысып жатыр. Өйткені ондай станцияның қоршаған ортаға тигізер зияны өте төмен» дейді Ульянов. 

Еске салсақ, Қазақстан алғаш рет АЭС салу туралы 1997 жылы сол кездегі ғылым министрі Владимир Школьник айтқан болатын. Ол Маңғыстау атом энергетика комбинатының орнына жаңа АЭС салу керек деген еді. Одан кейін бұл әңгіме біраз уақыт тыншып қалды. Ал 2019 жылы сәуірде Владимир Путин Қазақстанда АЭС салу туралы ұсыныс айтқан күннің ертеңіне экология министрі Мағзұм Мырзағалиев келешек АЭС-тің құрылыс орны ретінде Алматы облысындағы Үлкен елдімекені таңдап алынғанын мәлімдеді. Сөйтіп, Қазақстандағы АЭС Балқаш өзенінде пайда болуы мүмкін деген жорамал жасалған.