Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, жыл басынан бері қазақстандықтар инвестициялық портфельді басқарушыл компанияларға 5 миллиардтан аса теңге аударған. 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енген болатын.
Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:
• Салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе
• Өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.
Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне барып беруге болады. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аударуды салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады.
Ескере кету керек, ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдері ретінде алынған қаражат болып есептелмейді (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және оларды ИПБ-ға ауыстырған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайды. Зейнетақы активтері ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін салымшы: БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы жылына тек бір рет өтініш беруге; БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.
Сондай-ақ салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.
«2021 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға 5,1 млрд теңге аударылды, БЖЗҚ 2 579 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 2,0 млн теңгені құрайды. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер»/«Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған» делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. 5,1 млрд теңгенің 44,89 пайызы немесе 2,3 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 27,58 пайызы немесе 1,4 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 18,08 пайызы немесе 0,9 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ және 9,45% немесе 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.
Өңірлер бөлінісінде ИПБ-ға аударылған қаражаттың жартысынан көбі Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі екен. Сәйкесінше 45,5 пайыз және 25,6 пайыз. Маңғыстау облысы 5,7 пайыз көрсеткішпен ИПБ-ға қаражат аудару бойынша үшінші орында тұр.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайыздан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
«Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді» деп хабарлайды қор.
Жалпы, жыл басталғалы жеті айда қор өз салымшыларына 24 миллионнан аса қызмет көрсеткен. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға көп. Салымшылар мен алушыларға электрондық форматта көрсетілген қызметтер бұрынғысынша басымдыққа ие екен. Жыл басынан бері сандық технологиялардың көмегімен шамамен 17,3 миллиондай қызмет көрсетілген. Былтырмен салыстырғанда, онлайн қызметтердің танымалдылығы бір жарым есе өскен.