«Елордалықтардан осы жылдың тамыз айында медициналық сақтандыру үшін 3,6 млрд теңгеге жуық жарна түсті, ал 2021 жыл басталғалы бері, яғни қаңтар-тамыз аралығында 26,8 млрд теңге жарна аударылған» – деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2021 жылдың 31 тамызы аралығында медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарнаның жалпы сомасы 84,9 млрд теңгені құрады.
«2021 жылдың тамыз айында медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 3,6 млрд теңгеге жуық жарна аударған. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары 1,7 млрд теңгеге жуық, ал жеке кәсіпкерлерден түскен жарна 1,9 млрд теңгеден асады. Осы жылдың 31 тамызындағы жағдай бойынша 13 441 адам бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша МӘМС-ке жарна төлеген.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексерілгеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.