Қате аударым: ақшаны қалай қайтаруға болады. Бұл туралы Fingramota.kz сайты хабарлады.
№ 1 нұсқа. Сіз қателесіп, ақшаны бейтаныс адамға аудардыңыз
Ақшаны қайтару қиын, бірақ қайтаруға болады. Басқа адамның немесе ұйымның шотына қаражат түскеннен кейін банк оларды кері қайтара алмайды. Ол мұны істеуге міндетті емес. Әрине, сіз алушымен байланысып, соманы өз еркімен қайтаруды сұрай аласыз. Бас тартқан кезде тек сотқа жүгіну және ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз беру ғана қалады, себебі қолданыстағы заңнамада ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз баю» ретінде қаралады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз.
Егер ақша біреудің телефон нөмірі арқылы жіберілсе не істеу керек?
Сіз телефон нөмірі бойынша жедел төлем жасадыңыз, бірақ цифрдан қате жібердіңіз. Бұл операцияны банк арқылы қайтарып алуға болмайды. Алушымен хабарласып, қате аударым жасағаныңызды түсіндіріп көріңіз, түскен соманы қайтаруды сұраңыз. Ол адам сізге сенуі және алаяқ ретінде қабылдамауы үшін шотты тексеруді ұсыныңыз. Алушы сіздің жағдайыңызды түсініп, содан кейін ақшаны кері аударыммен қайтаруы мүмкін.
Егер ақша басқа біреудің карта немесе шот нөмірі арқылы жіберілсе не істеу керек?
Егер сіз карточканың немесе шоттың дұрыс емес нөмірі бойынша ақшаны қате жіберген болсаңыз, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатындығын білуіңіз керек. Сонымен қатар, бұл жағдайда банк төлемді біржақты түрде кері қайтара алмайды. Әрбір банктің осындай мәселелерді шешудің өз рәсімі бар. Көбінесе, егер аударым дұрыс емес банктік шотқа сәтті жіберілсе, ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады.
Егер ақша аудару процесі жүріп жатқан болса, онда операцияны болдырмауға болады. Егер сіз қате жіберіп, жоқ банктік деректерді көрсетсеңіз, төлем жасалмайды және ақшаны қайтару автоматты түрде жүреді.
Ақшаны жоғарыда келтірілген тәсілдермен қайтара алмасаңыз, не істеу керек?
Егер ақша алушы сіздің ақшаңызды қайтарудан бас тартқан, ал сома қомақты болған жағдайда, сіз сотқа талап арыз бере аласыз. Алайда, қайтарып алу рәсімі сіздің уақытыңызды, төзімділігіңіз бен материалдық ресурстарыңызды талап ететінін жақсы түсінуіңіз қажет. Әділеттікке қол жеткізу үшін сіз сотқа бұл соманы жаңылысып, қате жібергеніңіз жөнінде нақты дәлел келтіруіңіз қажет. Мысалы, ақша қаражатын аударғыңыз келген сіздің танысыңыздың телефон нөмірін немесе деректемелерін көрсету. Немесе сіз ай сайын сол бір шотқа белгілі бір соманы аударғаныңыз, ал осы айда ақшаны жаңылысып басқа шотқа аударғаныңыз көрсетілген шоттан үзінді – көшірменің қағаздағы нұсқасын көрсету. Сіз, сондай-ақ ұялы операторға хабарласып, қоңыраулардың тізімін ұсынуды сұрауыңызға болады, бұл осыдан бұрын бұл адаммен байланыс жасамағаныңызды және оған ақшаны қате аударғаннан кейін ғана қоңырау шалғаныңызды дәлелдеу үшін қажет.
Өз кезегінде, ақша алушы нақты дәлелдер мен осы соманы алу құқығын растауы тиіс. Мысалы, ол бұл ақша көрсетілген қызмет немесе сіздің тарапыңыздан қайырымдылық үшін деп мәлімдей алады, алайда оны дәлелдеуі тиіс. Мұндай дәлелдер болмаған жағдайда сот алушыны барлық соманы қайтаруға міндеттейді.
2-нұсқа. Сізге қате аударым түсті
Егер нақтысын айтатын болсақ, әрине сіз аударымды қате жіберген адамды тауып, оған ақшаны қайтару үшін өз уақытыңызды құртуға міндетті емессіз. Бөтен адамдардың ақшасына иелік еткен жақсы емес, заң бойынша да мұндай ақшаны иелену негізсіз баю болып табылады. Сондықтан, бұл ақшаны жіберушіге қайта аударған жөн, өйткені ол кез келген уақытта сізді сотқа беруі мүмкін. Бірақ, алдымен ақша расымен де шотыңызда жатқандығына, мұның қаржылық алаяқтардың амалы емес екендігіне көз жеткізіп алу керек.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу қажет?
Қаскөйлер банктердің және басқа да қаржылық ұйымдардың атынан сіздің шотыңызға қандай да бір соманың түскендігі туралы SMS-хабарландыруларды жиі таратады да, содан кейін қоңырау шалып, қайтаруды сұрайды. Сондықтан, кері аударым жасамас бұрын қаражат шынымен түскендігіне көз жеткізіңіз. Мұны мобильді банк қосымшасы арқылы немесе банк операторымен ресми нөмір бойынша байланысу арқылы жасауға болады.
Бұл жалған емес, қате аударым екеніне көз жеткізіңіз.
Сондай-ақ, бұл ақша сізге тиесілі және олар сіздің шотыңызға қаражат аударған көздерден түскен болуы мүмкін. Мысалы, сіздің борышкеріңіз ақшаны қайтарды немесе компания қайта есептеуді жасады. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін.
Ақшаның кімнен және қашан түскенін түсіну үшін шотыңыздағы үзінді көшірмені зерттеңіз. Егер сіз ақша аударымының қате екеніне 100% көз жеткізсеңіз, ал жөнелтуші сізбен байланысқа шықпаған болса, банкке хабарласыңыз. Соманы қайтаруға келісім беру туралы жазбаша өтініш жазыңыз. содан кейін қаржы институты ҚР Заңнамасы бойынша төлемдерді қайтару рәсімдеріне сәйкес кері төлемді жүргізеді.