Дін аса нәзік мәселе болғандықтан қоғамда оған қатысты түйткілді мәселелер жиі туындайды. Соның бірі – қазақ қоғамында әйелдердің паранджа жамылып, ал мектеп жасындағы қыздарына хиджаб кигізіп қоюы. Осы туралы айтқан БАҚ өкілдері елорда маңындағы Қосшы қаласында әлгіндей жағдайдың байқалғанын айтқан. Осыған орай тиісті орган өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ахуалға түсініктеме берген.
Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуынша, меншік нысанына қарамастан – мемлекеттік немесе жеке меншік болсын, талаптар оқу орындарының барлығына бірдей қойылады.
«Білім министрінің 2016 жылғы бұйрығына сәйкес, мектеп формасына қойылатын талаптар, оқыту стандарттары бар. Азаматтар осы бұйрықты және тұтастай алғанда, еліміздің заңдарын сақтауы керек. Сонымен қатар, Конституцияда зайырлы мемлекет екеніміз нақты жазылған. Біз ешкімді діни нанымдары бойынша бөлмейміз. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, өйткені, өкінішке орай, зайырлылық деген не екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Қосшы қаласындағы тұрғын үй кешені туралы айтар болсақ, Конституцияға сәйкес біз кімге сену керектігін немесе керісінше сенбеу керектігін айта алмаймыз. Яғни, адам өз дінін өзі анықтауға құқылы, бірақ егер ол қандай да бір әрекеттерімен заңды бұзса, ол жауапқа тартылады. Осылай киінетін ересек тұрғындарға келетін болсақ, бұл – діни сенім бостандығы мәселелері» деді спикер.
Нақты фактілер болған жағдайда жергілікті жерлердегі білім басқармасына немесе комитетке жүгінуге болатынын жеткізді.
Сонымен қатар Нүкежанов зайырлы мемлекет қағидаттарына сәйкес, комитет діни бірлестіктердің ішкі мәселелеріне араласпайтынын да айтты.
«Ислам бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмыс істейді. Имамның біліктілігін арттыру, қандай да бір лауазымға тағайындау мәселелері ҚМДБ-да толық шешіледі. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, ішкі істерге араласпаймыз. Кез келген діни бірлестік: ҚМДБ, православ шіркеуі, протестанттар немесе басқа болсын, ішкі мәселелерге араласпаймыз. Бірақ, егер заң бұзушылықтар болса, дінге, мазхабқа қарамастан, адам жауапқа тартылады. Біз зайырлы мемлекет екенімізді және ел Конституциясы мен заңдарын ұстанатынымызды тағы да атап өткім келеді» деді салалық комитет басшысы.
Оның айтуынша, былтыр қабылданған дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында үш бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде:
• Мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаттарын нығайту;
• Мемлекет пен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз ету;
• Дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу.
«Әлемдік пандамия салдары барлық салаға өзгерістер әкелді. Біз де осы мәселені ескеріп, өз жұмысымызды ақпараттық салада жүргізіп отырмыз. Себебі деструктивті контенттің өзі де қазіргі кезде осы ақпараттық салаға ойысып отыр. Дегенмен осы саладағы жұмысымызды оң бағалап отырмыз. Себебі ІІ тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша дін саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты қолдаудың үлесі 87,6 % жетуі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш. Ақпараттық жұмыстар жалпылама емес, мақсатты топтармен жүргізілуде. Яғни, деструктивті мәселелер туындайды деген жерлерге арнайы ақпараттық топтар жіберіліп, түсіндіру жұмыстары жүргіземіз. Бұл жұмыста өңірлер үлкен көмегін көрсетуде» деді Нүкежанов.
Оның айтуынша, деструктивті бағытта ықтималдылығы жоғары мақсатты топтардың жыл соңына дейін 70 пайызын қамту жоспарланған.
«Бірінші жартыжылдықта әлеуметтік желілердегі діни деструктивті топтарда тіркелген 512 мың отандастарымыздың 84 мыңнан астамының аталған топтардан шығуына өз ықпалын тигізді. Өкінішке орай, деструктивті материалдар саны жылдан жылға артып келеді. Биыл осындай 80 мыңнан астам материал жойылып, 300-ден астамы бұғатталды. Дегенмен бұл мәселені тек шектеумен шеше алмайтынымыз анық. Бұл ретте мамандарымыздың медиа қабілетті болуы маңызды. Сондықтан біз жергілікті жердегі сала мамандарына жаңа медианың қажетті дағдыларын «SMART MEDIA» жобасы арқылы үйретуді бастадық. Қазіргі уақытта 300-ден астам маман медиа біліктіліктерін дамытты» деді комитет төрағасы.
Министрлік өкілі мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара түсіністік жолға қойылып, қатынастар сенімгерлік серіктестік негізінде құрылғанын атап өтті. Мысал ретінде ол иммундау және карантин мәселелеріндегі ынтымақтастықты атайды.
«Барлық конфессиялардың өкілдері азаматтарды пандемиямен күресудің жалғыз әдісі ретінде екпе салдыруға шақырды. Осының бәрі үшін оларға ерекше алғыс білдіремін. Сонымен қатар, қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің XIX Хатшылығын өткізу жоспарланған. Елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бұл іс-шара аралас форматта өтеді. Өздеріңіз білесіздер, жақында Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы шықты. Комитет Діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Біз діни бірлестіктерді тіркеу және діни іс-шараларды өткізу мәселелерін оңайлатуды көздейтін түзетулер енгізуді жоспарлап отырмыз» деді спикер.
Дін саласындағы түйіткілді мәселелердің бірі – теология, исламтану, дінтану саласындағы мамандарды даярлау. Қазіргі кезде бұл мәселе шешімін тауып келеді дейді спикер. Оның мәліметінше, жыл сайын 500-ге жуық түлек теолог дипломын алады. Осы жастармен жұмыстар жүргізілу үшін комитет жанынан «YZ CLUB» диалог алаңы ашылды.
«YZ CLUB» диалог алаңында жас мамандар сыни пікірлерін, қосымша пікірлерін жеткізеді. Қазіргі кезде бір кездесу өтті. Сонымен қатар, Instagram, Facebook парақшаларында да жұмыс істеп жатырмыз. Комитет халықпен тұрақты кері байланыс орнату мақсатында «Халыққа қызмет – маңызды міндет» жобасын қолға алды. Онда қандай да болмасын сұрақтарға жауап алуға болады» деді Нүкежанов.