Мемлекет басшысы биылғы жолдауында қымбатшылыққа жол бермеу мәселесіне баса назар аударып, осыған қатысты тапсырма да берген еді. Осы орайда үкімет те қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірлепті.
Азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында секторда құн белгілеу тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданбақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынып, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның шикізаттың тұрақты және болжамды бағаларын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтілмек. Өндірушілерге жеңілдікпен кредит және субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді. Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды сыртқа шығаруға шектеу енгізу көзделіп отыр.
«Медициналық қызметтер кешенді тарифін және бірқатар медициналық тауардың шекті бағасы алдын ала бекітіледі, Ақша-несие саясатының аясында инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлеміне бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады. Бұл шаралардың бәрі осы жылдың аяғына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді» деді үкімет басшысы Асқар Мамин.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, пандемия бүкіл әлемдегі инфляциялық процестерге қысым жасайтын бұрын-соңды болмаған макроэкономикалық соққыға айналды. Халықаралық қаржы ұйымдары 2021 жылы инфляцияның бүкіл әлемде 3,9%-ға жеделдейді деп болжайды. Жылдық есепте Қазақстанда инфляция 8 айдың қорытындысы бойынша 8,7%-ды құрады және оның 50%-дан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне тиесілі болып отыр.
2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы шаралар кешені жедел және орта мерзімдерге арналған 2 бағыт бойынша 70 іс-шарадан тұрады. Бірінші бағыт — 2021 жылға арналған жедел шаралар бойынша іске асырылатын болады. Тауар ұсынысын кеңейту шеңберінде 16 іс-шараны іске асыру жоспарлануда Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар түрлерін сатып алуды ұйымдастыру және өндірушілердің қажеттілігін айқындау, форвардтық шарттар мен «айналым схемасы» шеңберінде тетігін бекіту көзделген. Талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тізімі скрининг, сауда процестерін цифрландыруды, тамақ өнеркәсібінің жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуаттарын мониторингтеуді және талдауды қамтиды. Реттеушілік шаралар бойынша 10 іс-шара іске асырылатын болады. Екінші бағыт шеңберінде 2024 жылға дейінгі орта мерзімді шаралар бойынша 28 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету, импорталмасу жобаларын іске асыру шараларын, сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден кету және дезинфляциялық ақша-несие саясатын жүзеге асыру сияқты жүйелі шараларды қамтиды.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция 2022 жылы 5%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ға дейін төмендейді деген үміт бар.
Ал сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері бойынша салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл регламентінің жобасын әзірлеген.
«Сауда бойынша аналитикалық платформа құрылды. Оны пилоттық режимде іске қосуға дайынбыз. Платформа онлайн режимінде азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізуге және болжамды бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал мүдделі мемлекеттік органдардың қолданыстағы базаларымен интеграция жүргізе отырып, платформа бағаның өсу себептері мен оларды тұрақтандыру жолдарын көруге мүмкіндік беретін математикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді» дейді вице-министр Ержан Қазанбаев.
2022 жылғы қаңтарға дейін 2 көтерме тарату орталығын жаңғыртып тапсыру жоспарланып отыр. Қалған орталықтар құрылысын 2022 жылдың қаңтар айында бастап, тамыз айына дейін аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 17 көтерме тарату орталығы салынбақшы.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет деп санайды.
«Бағаны тұрақтандыру үшін, ең алдымен, болжам негізінде бағаның ең көп өсуі күтілетін тауарлардың нақты түрлерін сатып алу үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет. Маусымаралық кезеңде (қаңтардан мамырға дейін) өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің 30%-ы көлемінде 5 айлық қор қалыптастыру ұсынылады» деді Сапаров.