Ұлттық экономика министрлігі президент тапсырмасын қалай орындамақ?

Жарияланды
Министр үкімет отырысында баяндама жасады

Үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралып, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, жалпыұлттық жоспардың жобасы 102 іс-шараны қамтиды. Бұл жолдау халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 бастаманы және 7 бағытты іске асыруды көздейді. 

«Бірінші бағыт бойынша 27 іс-шараны іске асыру көзделген. «Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын 2022 жылы іске асыру жалғасады. Жалпы алғанда, қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрайды» деді Ерғалиев. 

Мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленбек. Тұжырымда бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелері қамтылады. 

Сонымен қатар «Өндірушіден тұтынушыға дейін» тізбегі бойынша бағаларды бірыңғай бақылау үшін негізгі мемлекеттік орган айқындалы, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң әзірленбекші. 

«Ауыл шаруашылығында субсидиялау тетіктерін ұзақ мерзімге бекіту көзделіп отыр. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IТ-маманын даярлау, цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспортын 2025 жылға қарай кемінде 500 млн долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылады. Шектеу қойылған кепілдіктегі активтерді экономикалық айналымға қайтару туралы заң жобасы әзірленеді» деді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, тағы мынадай шаралар тізбегі іске асырылады: 
•    Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарлар бағасының қолжетімділігін және көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар дайындалады; 
•    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдейді; 
•    Медициналық бұйымдарға зертханалық және техникалық сынақтар жүргізу орталығы құрылады; 
•    Кемінде 12 санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханасы жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етіледі; 
•    Типтік оқу жоспарларын алып тастау бойынша «Білім беру туралы» заңға өзгерістер енгізіледі: Мұғалімдерді 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу ұйымдастырылады; 
•    «Цифрлы ұстаз» жобасы іске асырылады. 

«Дарынды балаларға және олардың ұстаздарына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне гранттар беру, сонымен бірге бір реттік ақшалай сыйақы да төлеу көзделуде» деді Ерғалиев. 

Мектептердегі орын тапшылығы проблемаларын шешу үшін 2025 жылға дейін кемінде 1000 мектеп салу жоспарлануда. 

«Жас талап» жобасы аясында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Агломерацияны дамыту туралы» заң әзірленеді. Стратегиялық инвесторларымен бірлесіп, елімізде кем дегенде 2400 мегаваттық жаңартылатын қуат көзі іске қосылады. Еліміздің аса ластанған 10 қаласын орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіру жоспарлануда» дейді министр. 

Сондай-ақ көші-қон саясатының да жаңа тұжырымдамасы дайындалмақ. Еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау қарастырылған. 

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру мақсатында орта мерзімді кезеңге арналған тиісті стратегиялық құжат бекітіледі. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. 

«Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының 5 бастамасын іске асыру мақсатында келесі іс-шаралар жүзеге асырылады. Бірінші, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Екінші, бизнесті жұмысшыларының еңбекақысын көбейтуге ынталандыру бойынша шаралар әзірленеді. Үшінші, микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу жоспарлануда. Бұл жиынтық бизнеске салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендетуге мумкіндік береді. Төртінші, 2022 жылдан 2025 жылға дейін жекелеген санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға ұлғайту көзделген. Бесінші, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу үшін «Отбасы банктегі» есепшотына аударуға рұқсат беру мүмкіндігі беріледі. «Ұлттық экономика министрлігі орталық және жергіліктік атқарушы органдармен бірлесіп Жалпыұлттық жоспардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, сонымен бірге іс-шараларды жузеге асырудың тұрақты мониторингін жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізетін болады» деп түйіндеді Әсет Ерғалиев. 

Сондай-ақ оқыңыз