Қазақстанда 8 қыркүйектегі жағдай бойынша, COVID-19 оң нәтижесімен 824 мыңнан астам науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 71 мыңнан астам жағдай тіркелген. Тиісінше індет жұқтырғандардың 88 пайызы жазылып шыққан. Дәл қазір еліміздің 12 өңірі – қызыл аймақта, соңғы аптада 4 аймақ қана «сарыға» ауысқан, олар – ШҚО, Жамбыл, СҚО және Қызылорда облыстары. Жасыл аймақта тек Түркістан облысы ғана тұр.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, соңғы екі аптада елімізде эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақтануда. Тамыз айымен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 1,4 есе төмендеп, инфекцияның таралу индексі 17%-ға азайған.
«Жаппай вакциналау науқаны аясында бірінші компонентпен егілгендер саны 7 миллионға жуықтады. Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның 12,6 млн дозасы пайдаланылды. Оның ішінде бірінші компонентпен 6 928 мың адам егілді, бұл вакцинациялауға жататын халықтың 69,5% құрайды. Екінші компонентпен 5 755 мың адам қамтылды. Егу пункттерінде бірінші компоненттің шамамен 1 млн 540 мың дозасы және екінші компоненттің 880 мың дозасы бар. Сондай-ақ тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы егу науқанын жүргізу үшін вакцинаның 2,5 млн дозасы сатып алынды. Ол 15 қыркүйекте басталады» деді Шоранов.
Сондай-ақ, ол вакцинаны тегін ала алатын азаматтар тобын атады. Олар – балалар, медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған адамдар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Тұмауға қарсы ақылы егу жеке вакцинация орталықтарында және тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде жүргізілмек. Осы мақсатта бюджет қаражатына Ресейден «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынған. Осы арқылы ел тұрғындарының 13 пайызы қамтылмақ. Ресей вакцинасынан басқа Қазақстанда тұмауға қарсы тағы 3 екпе бар: «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды), «Синовак Биотек» (Қытай).
«2020 жылмен салыстырғанда жоспарлы медициналық көмек көрсету жағдайы түзелді. Іс жүзінде барлық емханалар – алғашқы буындағы медициналық қызметтерді жеткізушілер – мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын, халықпен толық көлемде жұмыс істейді. Кадрлық ресурстары бар жекелеген жеткізушілерде сұрақтар туындауы мүмкін. Егер адамда дәрігердің қабылдауына уақтылы жазыла алмау мәселесі туындаса, ол денсаулық сақтау министрлігінің 1406 Бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады. Біздің басты міндетіміз, бірінші кезекте, пациенттердің құқықтарын қорғау» деп атап өтті денсаулық сақтау саласының өкілі.
Осы уақытқа дейін коронавируспен ауырмаған адамдардың вакцинаның І компонентін салдырған соң ауырып қалған жайттар кездесіп жатыр. Мұндай жағдайлар немен байланысты? Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева түсініктеме берген.
«Қандай да болмасын вакцина адам ағзасына түскеннен кейін бірнеше сағаттан кейін әсер ете бастайды. Оның белгілері: ағзада ауыртпалық, дел-сал болу, инъекция орнының ауруы, дене қызуының көтерілуі, бұлшық ет, қан тамырларының ауруы. Бұл белгілер үш күнге дейін болуы мүмкін және арнайы емді қажет етпейді. КВИ-ға қарсы вакцина ағзаға түскеннен кейін 12-28 күннен кейін белсенді түрде антиденелер шығарып, имунитет қалыптастырады. Әр адамда әртүрлі болады. Иммунитет толық қалыптаспай тұрып екпе салдырған адам көпшілік орынға барса, басқа да шектеулі іс шараларды бұзса, яғни маскасыз жүрсе, әлеуметтік қашықтықты сақтамаса, сол кезде вирус жұқтырып алып, ауырып қалу қаупі жоғары. Бірінші вакциналаудан кейін антиденелердің ағзадағы концентрациясы әлі де болса аз және вирусты жұқтырудан толық қорғай алмайды. Осыған байланысты КВИ инфекциясына қарсы вакцина екі компоненттен тұрады» деді ДСМ өкілі.
Бұл ретте спикер вакцинаның 2-ші дозасын алғаннан кейін де ағзада КВИ қарсы антиденелердің конентрациясы түзілмей тұрып, вируспен немесе вирус тасымалдаушы адаммен байланыста болудың нәтижесінде азаматтар ауырып қалуы мүмкін екендігін атап өтті. Алайда вакцина алған адамдар жеңіл түрде ауырады. Маманның айтуынша, ауырғаннан кейін 3-6 ай аралығында екпе алуға болады.
Сондай-ақ Айнагүл Қуатбаева балаларға вакцина салу мәселесіне қатысты да пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерде балаларды екпе салу үшін мектепке қайтарды деген ақпарат тарады. Халық арасында әртүрлі сөздерге иланып, сеніп қалған ата-аналар хабарласуда. Комбинирленген, бір құтыда, бір шприцте болатын КВИ мен тұмауға қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ, өндірілген жоқ. Ондай болса, бұл медицина, жалпы ғылым саласындағы сенсация болатын еді. Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар арасында вакциналау ата-ананың рұқсатымен ғана жүргізіледі, ата-аналарға қажетті мәлімет ұсынылады, олардың қолхат беруі арқылы жасалады. Мектепте қандай да болмасын вакцина жасалса, ата-аналар жиналысы өткізіледі, қазіргі кезде вакциналау жүргізіліп жатқан жоқ. Егер мемлекетте балаларға арналған КВИ-ға қарсы вакцина болса, егу ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі» деді ол.
Оның айтуынша, шындыққа жанаспайтын ақпараттың халық арасында таралуы иммундау мен вакциналау жұмысына орасан зор зиянын тигізеді.