Жаңалықтар

Ж. Бекшин: Алматылықтар қырағылықты төмендетті, маска тақпайды, той өткізеді

Ж. Бекшин коронавирустың «төртінші» толқыны аяқталмағанын еске салды

 Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин 20-39 жас аралығындағы адамдардың коронавирус инфекциясын тез жұқтыратынын айтты. Халықтың бұл санатының вакциналану белсенділігі төмен және карантиндік режимді жиі бұзады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Ж. Бекшин атап өткендей, эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша жұқтыру 20-39 жас аралығындағы азаматтарда (31,2%), 40-59 жастағыларда (24%), 60 жастан асқан қарт адамдарда (23%).

«Жалпы, соңғы аптада инфекция жұқтыратын негізгі орындар бұрынғыша сауда объектілері – 34%, отбасылық байланыс – 19,5%, қоғамдық көліктер – 17,8%», — деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Ж. Бекшин коронавирустың «төртінші» толқыны аяқталмағанын, бірақ төмендей бастағанын, сондықтан вакцина салдыру қарқынын арттыру қажет екенін еске салды. 

«Азаматтар дерттің қаншалықты қауіпті екенін түсінулері тиіс. Әсіресе 60 жастан асқан адамдар қауіп тобында, өйткені, өлім көбінесе халықтың осы санатында болады. Жасына қарай көптеген адамдарда созылмалы аурулар, дерт жұққан кезде олар өрши түседі. Сондықтан ремиссия кезеңінде вакциналану қажет. Тек вакциналану ғана коронавирусты жеңетін болады», — деді Ж. Бекшин. 

 Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, COVID-19 вирусының «үнділік» нұсқасы тез жұғады әрі патогенділігі әлі де өте жоғары, соның салдарынан «симптомды» науқастардың деңгейі 95%-ды құрайды.«Уханьдық» — 50% және «британдық» — 81%. 
 
Ж. Бекшин халықты вакциналауды күшейтуге және қоғамдық орындар мен көліктерде маска режимін сақтауға шақырды. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарынан адамдар көп жиналатын нысандарға, түнгі клубтарға, мейрамханаларға, кафелерге бармауға және үйдегі бұқаралық іс-шараларды шектеуге шақырды.