Жаңалықтар

Биыл су көлігіндегі заң бұзу оқиғалары айтарлықтай азайды

"Скутер" акциясы аясында2 мыңнан астам шағын көлемді кеме тексерілді

«Скутер» акциясы аясында жүргізілген тексерулер барысында ең көп құқық бұзу оқиғалары Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында анықталды. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Барлығы 2 мыңнан астам шағын көлемді кеме (гидроциклдер, катерлер, моторлы қайықтар және т.б.) тексеріліп, 624 әкімшілік құқық бұзу жағдайы анықталды.

Олардың негізгі түрлері: құтқару құралдарынсыз кемелерді пайдалану (құтқару кеудешелері, белдіктер, кеудешелер) – 326 жағдай; кеме құжаттарынсыз пайдалану – 104 жағдай; құқығы жоқ адамның шағын көлемді кемені басқару – 83 жағдай.

Бұдан басқа, тексеру барысында белгіленген тәртіпке сай тіркелмеген немесе техникалық байқаудан (куәландырудан) өтпеген кемелерді пайдалану, шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралы жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықты асыруы, навигациялық белгілер талаптарының сақталмауы, тыйым салынған орындарда кемені әдейі тоқтату немесе тоқтап тұру, маневр жасау қағидаларының бұзылуы, кеме бортынан қоқыс пен өзге де заттарды лақтыру, шағын көлемді кемелер жүргізушілерінің көлікті пайдаланудың өзге де ережелерін бұзуы сияқты жағдайлар анықталды.