Бізде жол сапасы мен құрылысы – аса шетін мәселе саналады. Жыл сайын қаншама қаражат бөлінетініне қарамастан жол салу деңгейіне көңілі толатындар қатары көп емес. Биыл 8,4 мың шақырым жол құрылыс жұмыстарымен қамтылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, республикалық желі бойынша 5 мың км, оның ішінде 3,6 мың км қайта жаңарту және 1,5 мың км жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 90%-ға дейін және облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті желі жолдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық дәліздерімізді дамыту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізудеміз. 15 жобада жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің шығысында біз «Талдықорған-Өскемен» (768 км) және «Қалбатау-Майқапшағай» (415 км) автомобиль жолдарын реконструкциялаймыз. Бұдан басқа, «Үшарал-Достық» (184 км) автожолын, «Меркі-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Батыс өңірде «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» үлкен дәлізін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 2,2 мың шақырым автомобиль жолының жұмысын аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Алматы қаласының айналма жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады, толықтай жол 2022 жылы пайдалануға беріледі» дейді вице-министр Берік Қамалиев.
Министрлік өкілінің сөзінше, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы биылдан бастап «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналмақ.
«Ұлттық жобаға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен, ал 11 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті жолдарының 25 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған» деді.
Дәл қазір ел аумағындағы автомобиль жолдарының желісі – 157 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы – республикалық жолдар, 71 мыңы – жергілікті жолдар, сондай-ақ 61 мың шақырым қала мен елді мекендердің автомобиль жолдары бар.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында наурыз айының соңында 5800 шақырым автожолға төлем алу жүйесінің 94 аркасын монтаждау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Төлемақы алу жүйесі тестілік пайдалануға енгізілді. Тасымалдаушылар тарапынан көптеген наразылық фактілеріне байланысты ақылы жүйені енгізу маусым айынан күзге ауыстырылды. Тасымалдаушылардың талаптары жолдарды тиісті сапаға келтіру, тарифтерді төмендету жағына қарай қайта қарау болды. Бірінші санаттағы жолдардың тарифі ауыр жүк көліктері үшін 2013 жылдан бері 1 км үшін 5 теңгеден 25 теңгеге дейін өзгеріссіз қалуда. Ал 2-ші және 3-ші санаттағы жолдар бойынша төлем жайлылық деңгейге байланысты төмендету коэффициентін қолдана отырып, жүк көлік құралдарынан ғана алынатын болады» дейді «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы.
Жалпы алғанда 5800 км учаскелерді жолдарды кезең-кезеңмен ақылы жүйеге өткізу жоспарланған. Оның мәліметінше, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» бағытындағы жол (Шідерті маңайындағы 24 км жол қосылмайды), «Шымкент-Өзбекстан шекарасы», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Тараз-Қайнар», «Қапшағай-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан-Көкшетау-Петропавл» жолдары ақылы болады.
Министрлік өз кезегінде орындалатын жұмыстардың сапасына ерекше назар аудармақ. Вице-министрі Берік Камалиев брифинг барысында жол құрылысындағы сапаның негізгі проблемаларына тоқталды. Бірінші аспекті – жобалау-сметалық құжаттама сапасының төмендігі. Жобалау кезінде іс жүзінде ескірген Snip және ГОСТ критерийлері қолданылады екен.
«Жобалардың сапасын арттыру мақсатында аудандастыруды, аймақтарға бөлуді, климаттық жағдайларды, топырақтың қату тереңдігін ескере отырып, жобалау нормаларын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Климаттық жағдайларды ескере отырып, жол жамылғысын жобалау бойынша жаңа үлгілік шешімдер әзірленетін болады. Екінші, құрылыс алаңындағы сапаны нашар бақылау, мердігерлік ұйымдар мен техникалық қадағалау қызметінің инженерлері біліктілігінің төмендігі. Шешу жолдары – бұл сапа бойынша білікті инженерлерді тарту және техникалық қадағалау инженерлеріне қойылатын талаптарды күшейту, олар мердігерлер сияқты ортақ жауапкершілікті мойнына алады» деп мәлімдеді вице-министр.
Қамалиев үшінші мәселе ретінде – жол компанияларының біліктілігі мен жабдықталуының төмендігін айтады. Қолданыстағы мемлекеттік сатып алу ережелерінде жол құрылысының ерекше жағдайлары ескерілмеген. Сондықтан өзгерістер енгізу ұсынылуда. Олар – көлемнің 30% аспайтын бөлігін қосалқы мердігерлік жұмыстарға беру. Бұл ретте бас мердігер осы жұмыстың барлығын өзі орындай алуы үшін техникасы мен жабдығының 70%-ы болуы тиіс. Білікті мамандардың болуы да міндетті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша кешенді жоспар әзірледі. Кешенді жоспар аясында мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне өзгерістер енгізу, ФИДИК халықаралық қауымдастығының ережелерін барлық жобаларға қолдану жоспарлануда. Техникалық қадағалау қызметтеріне қойылатын талаптарды арттыру және жобалау және сапаны бақылау жөніндегі нормативтік талаптарды қайта қарау керек. Кадр мәселесі өткір тұр, сондықтан салалық мамандарды даярлау – өте маңызды мәселе. Біз көлік туралы заңға өзгерістер енгіземіз. Барлық жолдарда салмақ өлшегіш жабдықтардың автоматтандырылған жүйесі орнатылады» деді спикер.