Елімізде 2 миллионнан астам тұрғын санақтан онлайн өтті
13 қыркүйек жағдай бойынша 2041876 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 1756002-сі sanaq.gov.kz сайтында, 203672 Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 82202 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
12 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда. Мұнда 204805 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 194697 адам Алматы қаласында тіркелген. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді. Мұнда 173847 адам санақ сауалдарына жауап берді.
Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 46191 және 35542 адам санақтан өткен.
Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 21,1% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 17% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749754 адам тіркелген).