Кредиттік шартқа қол қойған кезде не нәрсеге назар аудару қажет
Кез келген шартқа, оның ішінде банктік қарыз шартына қол қоя отырып, тұтынушы оның барлық талаптарымен автоматты түрде келісетінін аксиома ретінде қабылдау қажет. Алайда, азаматтардың барлығы бірдей шартқа қол қойған кезде оның мәнін түсініп алмайды, содан кейін міндеттемелерді орындауда күтпеген қиындықтарға тап болып жатады. Бұл туралы Fingramota.kz сайты жазды.
Қарыз алушыларға арналған жадынамада мыналар қамтылуға тиіс:
1. қарыз сомасы мен валютасы;
2. қарыз мерзімі;
3. төлемдер саны;
4. сыйақы мөлшерлемесінің түрі (тіркелген немесе өзгермелі), жылдық пайызбен не тіркелген сомамен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
5. дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
6. қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялардың және өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;
7. өтелуге тиіс жалпы сома;
8. сыйақының жиынтық сомасы;
9. негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
10. банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және т.б.);
11. сақтандыру шартын жасау қажеттілігі және оны ұзарту мерзімі;
12. банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы).
Жадынамада көрсетілген қарыз беру талаптары болжамды болып табылады. Олардың мақсаты – клиент таңдаған банктің қарыз талаптарын басқа банктердің қарыз талаптарымен таныстыру және салыстыру. Түпкілікті талаптар шартта көрсетіледі. Сондықтан, осы маңызды құжатқа қол қоймас бұрын, оны тағы бір рет мұқият зерделеу керек.
Титул парағында мыналар қамтылуға тиіс:
қарыз сомасы мен мерзімі;
сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
өтеу әдісі мен тәсілі;
шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы болған кезде – осы құқықты іске асыру үшін қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну қажеттігі туралы ақпарат;
шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақы (айыппұл, өсімпұл) мөлшері;
қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін кешіктірудің туындау себептері, кірістері және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш беру құқығы туралы ақпарат.