Қазақстан экономикасы қашан қалпына келеді?

Жарияланды
Несие рейтингінде өсу бар

Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінде растаған. Яғни, болжамды «тұрақты» деп бағалауға болады. 
    
Агенттік сарапшыларының бағалауы бойынша кредиттік рейтинг тұрақтылығының негізгі факторлары – ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы баланстары, сондай-ақ биыл экономиканың қалпына келуіне қатысты болжау болды. S&P 2020 жылы Үкімет тарапынан көрсетілген фискалдық қолдау шаралары экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқаты деңгейінде айқын ауытқуларға жол бермеудің негізгі факторларының біріне айналғанын атап өтеді.  

Агенттіктің бағалауынша, Қазақстан экономикасы 2020 жылғы тоқыраудан кейін биыл жыл соңында қалпына келмек. Экономиканы әртараптандыру және жеке сектордың үлесін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар аясында ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсу қарқыны 3,5 пайызды құрайды деп жазады. Бұл ретте агенттік өсімге серпін берген негізгі драйверлер ретінде – өңдеуші сектордағы тұрақты оң динамика, инвестициялық белсенділіктің күшеюі, пандемияға байланысты енгізілген шектеулердің жеңілдеуі, сондай-ақ сыртқы сауда қызметінің қалпына келуін атайды. 

OPEC+ тарапынан өндіруге шектеулердің жеңілдеуі және Теңіз кен орнында өндірісті кеңейту аясында мұнай өндіру секторының қалпына келуі 2022 жылы экономика өсімінің қосымша факторы болмақшы. Сонымен қатар 2021-2024 жылдары ұлттық экономиканың өсу қарқыны орта есеппен 3,6 пайыз болады деген де болжам бар. Еске салсақ, осыған дейін ұлттық экономика министрлігі алдағы бес жылға (2022-2026) арналған өз болжамын жариялаған. Ол бойынша базалық сценарий кезіндегі ІЖӨ орташа жылдық өсу – 4,8, оптимистік – 5 және пессимистік – 4 пайыз болған. Министр бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдаланған орынды деп, ІЖӨ-нің өсуін 2022 жылы 3,9 пайыз болады деген жорамал айтады. Ол 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдемек. 

«Номиналдық ІЖӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды. Барлық негізгі салаларда оң өсу күтіледі. 2022 жылы мұнай өндіру 2026 жылы 107,4 млн тоннаға арту арқылы 87,9 млн тонна болады. Макроэкономикалық көрсеткіштер дерегін есепке алу арқылы бюджеттік параметрлер болжамы жасалды. Ол бойынша республикалық бюджет кірісі 2022 жылы – 9,2 трлн, 2023 жылы – 9,7 трлн, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды» деді министр Әсет Ерғалиев. 

Сондай-ақ ведомство Ұлттық қордан нысаналы трансфертті 2022 жылы 550 млрд теңге, 2023-2024 жылдарда жылына 400 млрд теңге мөлшерінде тарту ұсынып отыр. Бюджет тапшылығы 2022 жылы ІЖӨ-ге 3,3 пайыз деңгейінде болжанып, 2024 жылы ІЖӨ-ге 2,5 пайызға дейін төмендейді.     

Экономика өркендеуі үшін көлеңкелі сауда айналымымен белсенді күрес жүргізу қажет-ақ. Президент былтырғы жолдауында «көлеңкелі экономикамен» күресу үшін салық және кеден саласын цифрландыру керек деген еді. 

«Салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтарлықтай көмектеседі. Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес» деп бұл орайда қаржы министрлігіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің жұмысы негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімделу керек деген тапсырма берді. 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2020 жылы ІЖӨ құрылымындағы бақыланбаған экономика үлесі 20,23 пайызға дейін төмендепті. Десе де төрт салада көлеңкелі экономика өрістеп тұр дейді. Олар: ауыл, орман және балық шаруашылығы; денсаулық сақтау саласы; өнер, ойын-сауық және демалыс саласы; ақпарат және байланыс саласы. 

Биыл шілде айында мемлекеттік кірістер комитеті мен қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылға таман көлеңкелі экономика үлесі 15 пайызға бір-ақ қысқартамыз деп мәлімдеме жасадым. Ол үшін әуелі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдап алмақшы. Жоспарды дайындауға әкімдіктерді қоса алғанда орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдар да атсалысады. Бәрі қосылып құрылыс материалдары мен қызметтерді жеткізушілердің бірыңғай реестрін құру, саудада автоматтандырылған есепке алу жүйесін және бөлшек саудадағы қызметтің жекелеген түрлері бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау құралдарын міндетті түрде енгізу, өнімді таңбалау жүйесін кезең-кезеңімен іске асыру сияқты толып жатқан шаруа бар. 

Жалпы, біздің меморгандардың қандай да бір жұмысты атқарар алдын оны бірнеше жылдан соң іске асатындай етіп даярлайтыны, шын мәнінде ол шаруаның тағы бірнеше жылға созылып кететіні бар еді. Бұл да тап сол сценарий. 2025-те де «көлеңкелі экономикамен күреске енді шындап кірісеміз» деп отырмасымызға еш күмән жоқ. 

Былтыр экономист Мақсат Халық Жолдауға қатысты ойын қорыта келе, Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуі керек, бұл бизнес үшін оңтайлы әрі экономикаға серпін береді деп айтқан. 

Өйткені Президент бизнесті несиелеуді жолға қою мақсатында ақша-несие саясаты комитетін құру туралы тапсырма берген еді. Алайда бір жылда инфляция ерекше қарқынмен жоғарылап, ҰБ осыдан бір ай бұрын ставканы 9-дан 9-25 пайызға көтеріп жіберді. 

 

Сондай-ақ оқыңыз