Ұлттық банк базалық ставканы көтеруге не себеп болғанын жария етті

Жарияланды
Келесі шешім қазан айында қабылданбақ

Араға айдан астам уақыт салып Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді. Бұл жолы 9,25-тен 9,5 пайызға. Мұндай шешім қабылдауға инфляциялық қысымдар әсер еткен. 

Қазіргі сәтте жылдық инфляция – 8,7 пайыз. ҰБ баға қысымының арта түсуін жаһандық жағдайлармен байланыстырады. COVID-19-дың қайта өршуі әлемдегі іскерлік белсенділікті бәсеңдетіп, проинфляциялық процестерді күшейтіп, жаһандық жеткізілім мәселелерін ушықтырды дейді. Халықаралық валюта қорының болжамынша, әлемдік экономиканың жылдам қалпына келуіне оң әсерін тигізетін екі негізгі фактор бар: вакциналау және ынталандыру шаралары. 

«Тамызда 11,4 пайызға жеткен азық-түлік инфляциясы баға өсуінің негізгі қозғаушы күші болып қала береді. 2021 жылғы сәуірден бастап инфляцияның орташа айлық мәні соңғы 20 жылдағы орташа мәннен асып түседі. Жылдық азық-түлік инфляциясының қазіргі жеделдеуіне көкөністер, атап айтқанда ұзақ сақталатын көкөністер бағасының күрт өсуі (картоп – 29,7%-ға, сәбіз – 68,2%-ға, қызылша – 124,0%-ға) елеулі үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын инфляция  тамызда 7,3%-ға дейін үдеді. Ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 2021 жылғы тамызда 6,6% болды. Ақылы көрсетілетін қызмет бағасының өсуі электр энергиясы бағасының өсуі (10,1%-ға) нәтижесінде реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне (6,3%-ға өсті) байланысты болды» деп жазады ҰБ. 

Ал әлемдік мұнай нарығын дамыту перспективалары өзгеріссіз қалып отыр. Тамыздың қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай бағасы дельта штаммының таралуына және жаһандық экономикалық өсу қарқынының баяулауына байланысты 4,4%-ға төмендеген. АҚШ-тағы мұнай қоры да төмендеуді жалғастырып жатыр.  Халықаралық энергетикалық агенттіктің жаңартылған болжамдарына сәйкес 2021 жылы мұнайға сұраныстың өсуі бұрын болжанғаннан төмен болады. Жыл соңына дейін мұнай нарығы салыстырмалы түрде теңдестіріледі деп күтілуде. Осы үрдістерді ескере отырып, базалық сценарий бойынша болжамның басты алғышарты 2021 жылдың қалған айларында және болжамды кезеңнің соңына дейін мұнай бағасы бір баррель үшін  60 АҚШ доллары болып табылады.

«Базалық сценарий бойынша ІЖӨ-нің өсуі бойынша болжам 2021 жылдың соңына дейін аздаған төмендеу жағына қарай қайта қаралды, бұл экономиканың бұрын күтілгеннен біршама баяу қалпына келуіне байланысты. 2021 жылы Қазақстанның ІЖӨ өсімі 3,5-3,8% деңгейінде күтілуде. Нақты кірістердің қалыпты өсуімен бірқалыпты деңгейде болатын, белсенді түрде қалпына келтірілетін тұтынушылық сұраныс негізгі қозғаушы күшке айналады. ІЖӨ-нің өсуі сыртқы сұраныстың және энергия ресурстарын өндіру көлемінің ұлғаюы салдарынан нақты экспортпен де қалыпты деңгейде болады. Өз кезегінде, ішкі тұтынушылық белсенділікті қалпына келтіру және инвестициялық белсенділіктің болмашы өсуі нәтижесінде импорттың ұлғаюы ІЖӨ-нің өсуіне тежеуші әсер ететін болады.  2022 жылы экономиканың өсуі 4,1-4,4% деңгейінде болжануда, бұл алдыңғы бағалауға қарағанда сәл жоғары» деп мәлімдейді. 

Инфляцияға қарсы жедел шаралар қабылдау Үкіметтің бағалауы бойынша биылғы жылдың соңына қарай азық-түлік инфляциясын 8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылдың соңғы 4 айындағы инфляцияның тарихи серпінін, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыру тиімділігінің дәрежесін ескере отырып, 2021 жылы жылдық инфляция 7,5-8,5% шегінде қалыптаспақ. Базалық сценарий бойынша инфляциялық процестер жыл соңына дейін ағымдағы серпінді сақтайды және жылдың қорытындысы бойынша инфляция болжамды көрсеткіш аралығының жоғарғы шегіне жуық қалыптасады. 

«Инфляцияны болжау аралығының төменгі шегі үкіметтің инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асыруы шеңберінде инфляцияны төмендету әлеуетін ескере отырып айқындалған. Базалық мөлшерлеме жөніндегі кейінгі шешімдер, оның ішінде инфляцияға қарсы іске асырылған шаралардың тиімділігін бағалау ескеріле отырып қабылданатын болады. 2021 жылғы жоғары база есебінен шығуға байланысты 2022 жылы инфляция 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне қарай бәсеңдей бастайды. Сыртқы инфляциялық қордың жеңілдеуі және биылғы жылы әлемдік азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуінен кейін олардың болжамды төмендеуі аясында инфляцияның бәсеңдеуі орын алады. Бұл ретте 2022 жылы дезинфляциялық процестер көбінесе биылғы жылы Қазақстандағы дәнді-дақылдардан күтілетін жинап алу түсіміне, жаһандық жеткізу тізбегіндегі қалпына келуге және 2022-2023 жылдары ішкі экономиканы фискалдық ынталандыру деңгейіне тәуелді болады» дейді ҰБ. 

Ұлттық Банк инфляцияға қарсы шараларды іске асырудың тиімділігін және АҚШ ФРЖ мен ЕОБ тарапынан монетарлық ынталандырудың қысқару тәуекелдерін бағалай отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра бермек. Бұл шаралар ақша-кредит саясатының 2030  жылға дейінгі стратегиясына сәйкес 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге төмендетуге ықпал етеді деген жоспар бар. 

Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз