Жаңалықтар

Алматыдағы халық санағы ұзақ мерзімді экономикалық болжамдарға көмектеседі

Онлайн санақтан 15 қазанға дейін өтуге болады

Санақ нәтижелерінің арқасында статистер республиканың ең ірі қаласы тұрғындарының саны туралы ақпарат алады және әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру осы көрсеткіштерге байланысты. Бұл туралы rsk.almaty.kz сайты хабарлады.
 
  «Санақ нәтижелері ұзақ мерзімді перспективада қолданылады, олардың көмегімен экономикалық болжамдар жасалады. Бұл ауқымды шара маңызды аналитикалық деректерді алуға мүмкіндік береді, оның ішінде: нақты халық саны, жас және жыныс құрамы, урбанизация дәрежесі, сондай-ақ тексерілген, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажетті басқа ақпарат», – деді  Алматының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов. 
 

Басқарма басшысы жүргізіліп жатқан санақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы бірінші цифрлық екенін атап өтті. Басты жаңалық – электронды сауалнамаларды өз бетінше толтыру. Екінші кезеңде санақ жүргізушілер арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етілген планшеттерді қолданатын болады.
 
Сөзінің соңында А. Батанов кез келген санақ тек статистикалық қорытынды ғана емес, ең алдымен экономикалық және әлеуметтік болжау құралы екенін айтты.
 
Атап айтсақ, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының сайтында санақтың онлайн-кезеңі туралы соңғы мәліметтер жарияланды. Алматы қаласы санақ науқанындағы көшбасшылардың бірі.
 
Онлайн санақтан 15 қазанға дейін өтуге болады. Санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше әдісі қарастырылған. Sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты бар. E-Gov порталы арқылы авторизациядан өтуге әрі Aitu қосымшасын қолдануға болады.