Халық санағы–2021: аралық қорытынды қандай?
Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов арнайы брифингте халық санағын жүргізу кезінде жеке деректер қауіпсіздігіне кепілдік беріледі деп мәлімдеді.
Бюро басшысы санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық ақпарат қорғалған байланыс арналары (ұялы байланыс операторының желілерінде деректерді қорғалған түрде беру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы бойынша) арқылы бюроның орталық серверіне берілетінін, ондағы барлық деректерге криптографиялық қорғау құралдарын пайдалану қолданылатынын түсіндірді.
«Ақпаратты қорғау үшін ҚР стандартына сәйкес ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары қолданылады. Криптографиялық басқару құралдары ақпаратты шифрлау және сақталатын, сондай-ақ берілетін маңызды ақпаратты қорғау үшін пайдаланылады» деп атап өтті ол.
Sanag.gov.kz cайтыy қорғау үшін Sectigo SSL сертификаты сатып алынып, онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді деп түсіндірді Айдапкелов.
«Ұлттық статистика бюросының барлық ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері тізіміне енгізілген және ҚР ҰҚК «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ мониторингінде. Сондай-ақ, ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды» деп нақтылады ол.
Бұдан бөлек, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ санақ бойынша sanaq.gov.kz ақпараттық ресурстың қол жетімділігіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді және хакерлік шабуылдардың алдын алуды қамтамасыз етеді.
«Алғашқы статистикалық деректердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету ҚР заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастықта жүзеге асырылады» деді Айдапкелов.
Айта кетейік, қазіргі кезде 3 млн респондент санақтан онлайн өтті. Олардың 2607643-і sanaq.gov.kz сайтында, 297546 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 119027 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысыпты.
Жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 28,6% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген). Осы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 24,7% санақтан онлайн режимде өткен.
Брифинг барасында бюро басшысы санақтағы бірқатар сауалдың не үшін қойылғанына да тоқталып өтті. Мәселен, көпшілікті «неше бала дүниеге әкелдіңіз, оның ішінде қаншауы тірі» деген сұрақ таң қалдырған еді. Бұл сұрақ туу көрсеткіші мен бала өлімі туралы жан-жақты толық мәлімет жинақтауға мүмкіндік береді екен.
«Дүниеге тірі келген балалар саны туралы сұрақ, бала туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді, оларды кей жағдайда қандай да бір басқа көздерден, оның ішінде азаматтық хал актілерін тіркеудің толық дамыған жүйесінің өзінен алу мүмкін емес. Бұл сұраққа берілген жауаптар бала туу туралы неғұрлым толық ақпаратты ашады, ал санақтан өту сәтіндегі бар балалары туралы сұрақ, нәресте мен бала өлімі туралы маңызды ақпарат береді» деп жауап берді Н.Айдапкелов.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту және табысы туралы дерек жинау да мемлекетке халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын объективті және жан-жақты бағалауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Халық санағы аясында халықты жұмыспен қамту туралы мәліметтерді жинақтау адамдар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашуға, жұмысқа орналасуға, жұмыссыздыққа байланысты көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша саясат пен бағдарламаларды жоспарлау үшін өте маңызды» деді ол.