Жаңалықтар

Маңғыстауда мал қырылғанда неліктен төтенше жағдай жарияланған жоқ?

Үкіметтің қолдауымен қысқы айларға 2,3 млрд теңге қарастырылған

Жаз айларында болған қатты қуаңшылықтан қатты зардап шеккен екі өңірдің бірі – Маңғыстау. Еріктілер жұдырық болып жұмылып, бұл бастаманы ел тұрғындары қызу қолдағаны да, тіпті сол кезде билік өкілдерінің ләм деп ауыздарын ашпай отырғаны да белгілі. Бірақ өткен іс өтті. Енді оған қазіргі өлшеммен баға беріле бастайды. 

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов биылғы ахуал келер жылы қайталанбайды деп уәде береді. Биыл өңірде 5900 жеке қосалқы шаруашылық 745 100 487 теңге, 565 шаруа қожалығы 395 230 669 теңге өтемақы алған. 

«Келесі жылы екі есе жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жем-шөп өндірісі және мал шаруашылығы институтын шақырдық. АӨК-тің жеке салалары бес жылдық стратегия дайындауда. Бұған дейін жергілікті қорықтардан 45 000 тонна шөп шабылып, 15 000 тонна басқа аймақтардан әкелінген. Биыл жағдай өзгерді. Биыл шөп пен жемге қаражат бөлуге дайындалып жатырмыз. Белгілі бір стратегия бар. Нарықта кебектің орташа бағасы 110 теңге, басқа облыстар арқылы, азық-түлік корпорациясы операторлары арқылы 102 теңгеден сатып алатын боламыз» деді спикер экспортта арзанға сатылатын кебектің қымбаттығына қатысты сұраққа жауап бере отырып. 

Статистикалық мәліметке сәйкес, 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша облыста 629 336 мал басы бар екен. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық базасында ірілендіру кезінде тіркелген мал басы 639 493 теңгені құрайды.

«Мал азығымен қамту бойынша жалпы 77 мың жоспар болды, бүгінгі таңда аудандар бөлінісінде  Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлыға 41 470 тонна шөп әкелінді. Қалған қыс айларында 35 530 тонна шөп әкелу көзделген. Оның ішінде 25 530 тонна өзге облыстардан тасымалданатын шөп. Жергілікті шабылатын шөптің қоры – 10 мың. Жыл ортасында 204 млн теңге бөлінді, оның ішінде шөпке 150 млн теңгесі жұмсалды, басқа облыстардан шөп тасылды, яғни оның салмағы килограммен есептегенде 55 теңгеден сатылды. Сондай-ақ жемге 54 млн теңге бөлінді» деді Ниязов.  

Оның айтуынша, үкіметтің қолдауымен қысқы айларға 2,3 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1,1 млрд теңгесі бөлінді.  

«Аудан әкімдері мен қала әкімдерінің сұрауымен оператор тағайындалады, олар «Каспий» ӘКК арқылы кепіл қойып, қаржыны ала алады. Жемге 1 млрд қаржы бөлінді. Шөпке және жемге қаржы бөлу қатар жүзеге асырылады. Қаржы малдың санына сәйкес бөлінеді. Оның ішінде мал басының ең көп бөлігі – 44%, Маңғыстау ауданында. Қысқы азық бойынша, Маңғыстау облысында қыс мезгіліне арналған шөп көлемдері бар. Қазіргі уақытта Қарақия ауданында қысқы азыққа 175 тонна, Түпқараған ауданында 740 тонна, Маңғыстау ауданында 50 тонна, Мұнайлы ауданында 80 тонна, Бейнеу және Жаңаөзенде шөптер жинақталуда» деді өңір әкімінің орынбасары.

Министрлік қолдауымен шілде айында Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығымен Маңғыстау облысында тіркелген шаруашылықтардың, жеке азаматтардың қанша малы бары анықталған: өңірде 971 шаруа қожалығы, 8815 үй шаруашылығы тіркелген. 

«Мемлекеттің қайтарымсыз қаржысын тиімді және нақты бағытта жұмсау үшін ауыл әкімі, ауылдағы ветеринарлық станция бөлімінің қызметкері, қыстақ қызметкерінен тұратын ауылдық және аудандық комиссия құрылды. Олар үйлерді аралап, шаруашылықтарды түгендеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде 971 шаруашылықтың төртеуі, 533 үйдегі малдың саны анықталмады. Яғни, 76 үй, 9249 шаруа қожалығы анықталды. Айта кетейік, қаражат тек аналық мал басына ғана беріледі. Зоотехникалық нормативке, ғылыми зерттеулерге сәйкес түйе жасы 36 ай, жылқының жасы 18 ай болуы керек. Қой мен ешкінің жасы 1 жастан асу керек. 459 мың малдың ішінде ауылдық комиссиялармен 253 755 мал анықталған. Ауыл шаруашылық басқармасы арқылы аудандық комиссияның қорытынды актісімен әр азаматқа 1 140 331 156 теңге төленді. Қалған малдың жасы шектеулерге жетпегендіктен оларға төленбейді» деді облыс әкімінің орынбасары. 

Бұл ретте шаруа қожалықтарының сұрауымен «Жасыл дәліз-2» функциясы ашылған. Мал туғаннан кейін 14 күннің ішінде тіркелуі керек. Нәтижесінде 39 мыңға жуық өтініш келіп түсіпті. Бүгінгі таңда 26 381 мал басы тіркелді. Бұл жұмыс 10 қазанға дейін жалғаспақ. Жыл басынан бері 1163 бас мал өлігі акттеліп биометриялық шұңқырларға көмілген. Оның ішінде көмілген 194 мал басы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелген. Мал иелерінен, мал өлгені туралы 7 хабарлама түскен. 

Сонымен қатар, жоспар бойынша жем орындалысы 53 мың тоннаны құрауы тиіс. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш – 45%. Жем-шөп тасымалдау бойынша шілде айында БҚО, Ақтөбе облысымен меморандумдар жасалды. Қазіргі кезде СҚО, Қостанай, Ақмола облыстарымен жұмыс жүргізілуде. Азық-түлік корпорациясы 30 мың тонна жем жеткізеді. «Қазақстан Темір жолы» ҰК жыл соңына дейін шөп тасуға 75% жеңілдік жасапты. 

Маңғыстау облысында қуаңшылыққа байланысты шаруалар тарапынан төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныстар болды. Бірақ ТЖ жарияланған жоқ. Неге? Облыстық төтенше жағдайлар департамтентінің бастығы Мұрат Мұқановтың айтуынша, өңір аумағында қуаңшылық кезең басталғалы ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, ТЖ жариялау бойынша жан- жақты ақпарат жинады. Жағдай күнделікті бақыланды.

«Елімізде ТЖ жариялау бойынша қолданыстағы заңнамалар бар. Оның ішінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы №107 бұйрығы бар. Құжаттың 2.4. тармағы «Метеорологиялық және агрометеорологиялық қауіпті құбылыстар» 2.4.12. «Құрғақшылық» тармақшасы бойынша «…өсімдіктердің зақымдануын туғызатын 20 немесе одан да көп күнге күндіз ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30%, топырақ қабатының су қоры 35 мм және одан да көпке сақталуы…». Ал бізде ең көп дегенде 18 күн болды. Сол себепті заң бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған жоқ» деді ТЖД басқарма бастығы.