Қашықтан жұмыс істегісі келетіндердің қатары артып келеді

Жарияланды
Соңғы уақытта сұраныс бірнеше есе өскен

Кейінгі кезде қашықтан жұмыс істегісі келетіндердің қатары артып келеді. Үйден жұмыс істегісі келетіндердің саны биыл бірінші жартыжылдықта 4,5 есе көбейген. Алайда нақты қашықтан жұмыс істейтіндердің  қатары 2 пайыз ғана өскен. 

HeadHunter Қазақстан компаниясының өкілі Рахима Махмудованың айтуынша, 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында hh.kz сайтында қашықтан жұмыс істеуді ұсынатын вакансиялар 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда 44 пайызға көбейген. Сайттың «қашықтан жұмыс істеу» бөлімінде қазіргі кезде 891 бос жұмыс орны ұсынылған. Көптеген жұмыс берушілер талапкерлердің  біршама цифрлық сауатты болуын талап етеді.

Ең жиі кездесетін бос жұмыс орындары: телефон арқылы сауалнама жүргізетін оператор, дизайнер, Call-орталық қызметкері, репетитор, SMM маманы, сату жөніндегі менеджер. Ең сирек кездесетін вакансиялар: футбол матчтарын талдаушы, фитнес бренд-амбассадоры, Tik Tok роликтерін қарайтын маман. Әлеуетті жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы мөлшері – 75-150 мың теңгеге  аралығында. Дегенмен 1 млн теңгеге дейін айлық ұсынатындар да табылады. 

«Жұмыс іздеп жүргендердің сұранысы да артты. 2021 жылдың 6 айында резюмесіне қашықтан жұмыс істегісі келетінін көрсеткендер саны, 2020 жылмен салыстырғанда 4,5 есе артқан. Ал 2019 жылмен салыстырсақ, тіпті 7 есе көп» дейді Рахима Махмудова. 

Ал ресми деректерге сүйенсек, жалдамалы қызметкерлердің жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшіп жатқаны байқалмайды. 2021 жылды І тоқсанында «удаленкада» жұмыс істейтіндер саны 73,7 мың болса, сәуір-мамыр айларында 2 пайызға өсіп, 75,1 мыңға жеткен. 

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, Қазақстан еңбек нарығының ауқымы кеңейіп келеді. Қазіргі кезді карантинге дейінгі кезеңмен салыстыратын болсақ, онда бос жұмыс орындарының саны 46%-ға артқан. Сауда-саттық, ақпараттық технологиялар, телекоммуникация, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында вакансиялар көп, сонымен қатар, әкімшілік персонал, бухгалтер, басқаруш есеп мамандары, қаржыгерлерге де жұмыс баршылық. 

ҚР Ұлттық статистика бюросының мамандары статистикалық есептерге биыл жаңа индикатор – қашықтан істейтін қызметкерлер санын енгізе бастады. Ресми мәлімет бойынша, олар жұмыспен қамтылған халық санының шамамен 1% құрайды. Еңбек нарығы сарапшылары икемді кесте мен үйден жұмыс істейтіндердің саны іс жүзінде әлдеқайда көп екеніне сенімді.Расында ресми есепке еңбек шарты бойынша кеңседе отыруыс тиіс алайда қашықтан жұмыс істейтін, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шарт негізінде  тапсырыс орындайтын мамандар кірмейді.

Сондай-ақ оқыңыз