Қырғызстан мемлекеттік қызмет көрсетудің қазақстандық тәжірибесімен танысты

Жарияланды
Қазақстан ТМД-да бірінші болып мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсетуді енгізген

    Жақында Алматыға мемлекеттік қызмет көрсетудің қазақстандық моделін зерттеп, тәжірибе алмасу мақсатында Қырғызстан делегациясы келді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов қырғызстандық әріптестеріне фронт-офистерде құжаттарды қабылдаудан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындауға дейінгі үдерістерді көрсетті. Сондай-ақ қонақтарға электронды, проактивті және композиттік форматта мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматтарын таныстырды. Бұл орайда, Қазақстан ТМД-да бірінші болып мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсетуді енгізгенін атап өту қажет.

Кездесу барысында делегация мүшелері мемлекеттік корпорацияның фронт/бэк-офистерінің және зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің қызметімен танысты, egov.kz электрондық үкімет порталының жұмысын көріп, сондай-ақ, TelegramBot мессенджері және eGov-mobile мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін сервистермен танысты. 

Делегаттар мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдардға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті. ХҚО-лар пандустармен, шақыру батырмаларымен, Брайль мәтіні бар тақтайшалармен, нашар көретіндерге арналған тактильді жолдармен жабдықталған, аталған топтағы азаматтарға ыңғайлы болу үшін ыңғайлы болу үшін «жеңілдік терезелері» қарастырылған.

 Сондай-ақ I және II топтағы мүгедектердің мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға бармай-ақ, 1414 байланыс орталығына өтінім бере отырып, мамандарды үйге шақырту мүмкіндігі бар. Айта кетейік, қазақстандықтар 1414 байланыс орталығында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға да қатысты барлық мәселелер бойынша кеңес ала алады. 

 «Сіздер азаматтардың жағдайы мен қызметке қолжетімділігін арттыру тетігін жақсы ойластырыпсыздар. Қазақстан 5 жыл ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, мемлекеттік қызметтерді клиенттер үшін барынша ыңғайлау  және цифрландыру бойынша көрші елдердегі әріптестерінен оқ бойы озып тұр. Біздің кездесуіміздің нәтижесі бойынша, әріптестеріммен бірге өз елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің қазақстандық әдістерін, процестерін пайдалануға ниеттіміз», – дейді Қырғызстан Республикасының Әлеуметтік қорының төрағасы Жәнібек Орозалиев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік салада қызмет көрсету тәжірибесімен танысу аясында Қазақстанға  Моңғолия, Грузия делегаттары келген болатын.
 

Сондай-ақ оқыңыз