Елордада 12 жерде қала тұрғындары үшін көмір сатылуда. Әкімдік тұрғындарға жылу беру маусымы басталғанға дейін көмір сатып алуды кеңес етті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Атап өту керек, елорда әкімдігі Нұр-Сұлтанда көмір сатумен айналысатын компаниялармен, соның ішінде қара отын бағасының өсуіне жол бермеу туралы меморандумдар жасасты.
«Қалада 12 жерде көмір сатуды қамтамасыз ететін 7 компания бар. Аталған орындарға қалаға әкелінетін көмірдің негізгі бөлігі жеткізіледі және осы жерден көмір саудасы жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі барша тұрғындарды көмір сатып алуды алдын ала қамтамасыз етуге шақырады. Күн суығанда көмірді жұрттың бәрі жаппай сатып алатындықтан кезектер туындауы мүмкін. Мұндай жағдай болмас үшін біз қыркүйек айынан бастап халықты көмір сатып алуға шақырамыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Белгіленген бағаларға сәйкес, елордадағы көмірдің орташа құны:
Шұбаркөл тоннасына – 13 200 тг;
Қаражыра тоннасына – 13 500 тг;
Майкөбе тоннасына – 12 000 тг;
Богатырь көмірі тоннасына – 9 500 тг.
«Қазіргі уақытта қоймада 800 тоннаға жуық Шұбаркөл көмірі мен екі мың тоннаға жуық Майкөбе көмірі бар. Ешқандай кезек жоқ, негізінен Көктал-1, Көктал-2 Агроқалашық тұрғын үй алаптарының халқы көмірді бізден сатып алады, бірақ биыл олардың барлығы газға қосылады. Көмір қыс бойы жеткізіліп тұрады», – деді «Бек-Айда» ЖК қойма меңгерушісі Дулат Құсайынов.