Қазақстан билігі eGov-ты жаңартуға шамамен 500 миллион доллар жұмсауды жоспарлап отырғаны, оны Ресейдің ірі коммерциялық банкі – Сбермен бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екені белгілі. 3 қыркүйекте өткен Шығыс экономикалық форумы барысында ҚР премьер -министрі Асқар Мамин мен «Сбер» компаниясының басқарма төрағасы Герман Греф Сбер технологияларына негізделген Қазақстанның цифрлық трансформациясы саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.
Болашақта цифрландыру платформасына көшу және «электронды үкімет» тұжырымдамасы Қазақстанда екі аптадан бері қызу талқыланып жатыр. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазіргі кезде еліміздің цифрлық жүйесі қатты ескіріп кеткен, тығырықтан шығарар жалғыз жол – осы келісім деген еді.
Министр Мусин IT-индустрия өкілдерімен кездесу кезінде: «Қазіргі уақытта Қазақстанда 400-ден астам әр түрлі IT жүйе бар. Олардың сапасы бірдей емес: әрқайсысы әртүрлі технологияны қолданады және 30-40 тәуелсіз компания жасаған. Олар бірыңғай платформа идеясын толық түсінбейді, үкіметпен келісімшарт негізінде ақша табуға дағдыланған және жағдайдың осы күйінде қалғанын қалайды» деген болатын.
«Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде меморандум мәтіні жарияланды. «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум» деп аталатын құжатта Қазақстан үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екені жазылған.
ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басқарма төрағасы Греф Греман қол қойған құжатта жобаны Қазақстан тарапынан «BTS Digital» ЖШС жүзеге асыратыны, стратегиялық әріптес ретінде таңдалғаны жазылған. Аталмыш ЖШС – ERG тобының еншілес компаниясы. Ал ERG тобының 40 пайызы – ел үкіметіне тиесілі.
Сондай-ақ, қазан айына таман құрамына «СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесі», «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстан Республикасына тиесілі бейінді ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кіретін консорциум құрылмақ.
Ал жыл соңына дейін СБЕР компаниялар тобы мен қазақстандық тарап Тier 3 Uptime Institute стандарты бойынша сертификатталған деректерді өңдеу мамандандырылған орталығының базасында GovTech платформасын орналастыру үшін қорғалған динамикалық инфрақұрылым құру туралы келісімге қол қоюы тиіс.
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech платформасы сервисін көрсетуге бағытталған «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы болып табылатын «ҰАТ» АҚ-ны тартуы қажет.
Ал «Ұлттық Ақпаратттық технологиялар» АҚ өз кезегінде мемлекеттің кепілдігімен Сбербанктен несие алатын болады. Барлық құжат дұрыс болса, «Қарыз туралы келісім» аясында 500 млн теңге көлеміндегі несиені Ресей банкі 2020 жылдың І тоқсанында рубльмен бермек.
2022 жылдың басында Қазақстан GovTech цифрлық платформасын енгізуге қажетті негізгі параметрлерін, GovTech платформасының мақсатты архитектурасын, техникалық тапсырмасын әзірлеуі керек.
«Осы Меморандум шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1. Осы Меморандум шарттарында GovTech платформасын іске асыру шартын және GovTech платформасы қызметтерін алу шартын жасасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
2. GovTech платформасын «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының түйінді бөлігі ретінде айқындайды;
3. Қажетті шараларды қабылдай отырып, Қарыз туралы келісім бойынша «ҰАТ» АҚ міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде «ҰАТ» АҚ-ны капиталдандыру бойынша мемлекеттік кепілдік беруді пысықтайды;
4. 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech цифрлық платформасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының IТ жүйелері мен инфрақұрылымын зерттеу нәтижелерін Консорциуммен бірлесіп, талдау базасында техникалық тапсырманы қоса алғанда, GovTech платформасының нысаналы архитектурасын енгізу үшін негізгі параметрлерді әзірлеуді қамтамасыз етеді;
5. Цифрлық трансформациялау орталығының рөлін күшейте отырып және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік деректерді иелену мен басқару, архитектура және архитектуралық қадағалау, мемлекеттік жүйелер мен платформаларды әзірлеу жөніндегі тәсілдерді орталықтандыру, мемлекеттік жүйелер мен платформалар әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізу бойынша қажетті өкілеттіктерді бекітіп бере отырып, мемлекеттік органдардың бизнес-процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізуді үйлестіру үшін институционалдық негіз құруды қамтамасыз етеді» деп көрсетілген.
Қазан айында құрылатын консорциум мамандары GovTech цифрлық платформасын іске қосу бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп, GovTech платформасын нақты өрістетуді қамтамасыз ететін болады. Мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін құралдарды енгізеді.
Ал СБЕР компаниялар тобы Консорциумға 3 жыл ішінде Әріптестік туралы шартта сипатталған шарттарда техникалық қолдауды қоса алғанда Platform V» платформасын өрістетуге және пайдалануға лицензия береді. GovTech платформасы мен оның компоненттерін өрістету және теңшеу үшін консультациялық, әдіснамалық қолдауды қамтамасыз етед. Консорциумға «Platform V» платформасына қатысты 20 жылға дейінгі мерзімге Әріптестік туралы шартта сипатталған өзара тиімді талаптармен техникалық қолдау көрсетеді. Консорциум тарапынан техникалық қолдауға ақы төлеу кезінде «Platform V» платформасының (оның ішінде жоспарланған архитектурадағы жылдамдық көрсеткіштері бойынша) функционалдығы мен жұмысқа қабілеттігінің кепілдігін және оның техникалық тапсырмаға (бұдан әрі – ТТ) сәйкестігін қамтамасыз етеді. PlatformV» платформасы базасында GovTech цифрлық платформасын енгізу кезінде СБЕР компаниялар тобы ұсынған немесе әзірлеген бағдарламалық қамтылымдағы Эксклюзивті әріптестік туралы шарт қолданылатын бүкіл кезең бойы үшінші тұлғалардың зияткерлік меншік құқықтарын СБЕР компаниялар тобының сақтайтынына және құқықтарды беру (қосалқы лицензиялау) мүмкіндігіне кепілдік береді, ал наразылықтар туындаған жағдайда оларды өз есебінен дербес реттеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.