Дамушы нарық валюталары теріс динамиканы көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша 17 қыркүйекте теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,3%-ға (425,62 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 425,30 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні көбінесе теріс болды. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
АҚШ-тағы бағаның өсуі тамызда бәсеңдеп, 0,3%-ға а/а ұлғайды (шілдеде талдаушыларлың күткенінен 0,5%-ға а/а төмен). Бұл инфляциялық факторлар қысымның біршама азайғанын білдіреді. АҚШ-тағы бөлшек сауда тамызда шілдемен салыстырғанда (теріс өсуді күту кезінде) 0,7%-ға өсті.
Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:
Ресей рублі АҚШ-тағы отын қорының төмендегені туралы деректерден кейін мұнай бағасының өсуі және экспорттаушы компаниялардың қыркүйектегі салық кезеңінің ашылуына дайындықтарының басталуы аясында 0,3%-ға (73,19-дан 72,98-ге дейін) нығайды;
үнді рупиясы айтарлықтай өзгеріске ұшырамай, бір апта ішінде 73,5-тен 73,48-ге дейін нығайды. Ұлттық валютаның құбылмалылығы Орталық банктің валюталық интервенциялары аясында төмендеді;
Индонезия рупиясы АҚШ-тағы бөлшек сауданың күтпеген жерден өскені туралы деректер жарияланғаннан кейін инвесторлардың тәуекел-сентиментінің нашарлауына байланысты борыш нарығынан капиталдың әкетілуі аясында 0,1%-ға (14 203-тен 14 223-ке дейін) әлсіреді;
Мексика песосы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы аясында 0,7%-ға (19,89-дан
20,02-ге дейін) әлсіреді;
Бразилия реалы ҚХР-дағы болат өндірісінің қысқаруына байланысты темір (елдің негізгі экспорттық тауарларының бірі) бағасының төмендеуі аясында 0,8%-ға (5,25-тен 5,29-ға дейін) әлсіреді;
түрік лирасы жаһандық инвесторлардың Орталық Банктің алдағы отырысында АКС-ты жеңілдетудің басталу ықтималдығына қатысты қауіптенуі аясында 2%-ға (8,47-ден 8,64-ке дейін) әлсіреді;
Оңтүстік Африка ранды шілдеде бөлшек сауданың 0,8%-ға ж/ж төмендегені туралы деректердің шығуы, сондай-ақ базалық мөлшерлемені жақын арада көтермейтіні және мөлшерлемелер дифференциалы тартымдылығының төмендейтіні жөніндегі күтулерге байланысты JPMorgan ОАР ұлттық валютасын сату жөніндегі ұсынымдары аясында 3,6%-ға (14,21-ден 14,72-ге дейін) әлсіреді.