Қазақстандық спорт тарихындағы ең табысты мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева кәсіби мансабын 21 жасында аяқтауға шешім қабылдады.
Бұл туралы спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында айтты.
«Бұл жазбаны жазу, Элизабеттің мансабын аяқтағаны туралы ресми түрде хабарлау қиын. Барлық кәсіби спортшылармен бірге жүретін жарақат оны да айналып өтпеді. Емделмеген ескі және жаңа жарақаттардың бәрі Олимпиада алдындағы маусымда толық жаттығуға және қажетті қалыпқа келуге мүмкіндік бермеді.
Құрметті жанкүйерлер, ыстық ықыластарыңыз бен тілектеріңіз үшін баршаңызға рахмет. Біздің Элизабет әрқашан сізді және бізді өзінің шығармашылық жұмыстарымен қуанта берсін! » – деп жазды Байтақ Тұрсынбаев.
Еске салайық, 21 жастағы Элизабет Тұрсынбаева ұлттық мәнерлеп сырғанау тарихында Әлем чемпионатында жүлде тұғырына көтерілуге қол жеткізген жалғыз спортшы.
2019 жылы Жапонияның Сайтама қаласында өткен планеталық чемпионатта Тұрсынбаева күміс медальға ие болды. Сонымен қатар, сол жылы Элизабет Анахаймада өткен төрт құрлық чемпионатында және Красноярскіде өткен қысқы Универсиадада осындай нәтиже көрсетті.