Биылғы астық жинау науқаны қаншалықты табысты болмақ?

Жарияланды
Министр өз болжамын жария етті

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл барлық негізгі астық өндіруші елдерде бидай өндірісінің төмендеуі болжанған. Мәселен, Канадада бидай жинау өткен жылмен салыстырғанда 34,5%-ға, Ресей Федерациясында 15%-ға, Америка Құрама Штаттарында 7%-ға төмендейді деп күтілуде. Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 781,7 млн тоннаны құрайды.  

«Биыл дәнді және майлы дақылдардың жинау алаңы 18,9 млн гектарды құрады. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша өнімділік гектарынан 9,5 центнер болғанда дәнді және майлы дақылдардың болжамды жалпы түсімі шамамен 18 млн тоннаны құрайды» деді Қарашөкеев. 

Бүгінгі күнге шамамен 14,3 млн тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Бұл ретте, облыстарда мақсары жинау жүріп жатқанын, ал барлық майлы дақылдарды жаппай жинауға осы айдың соңында кірісетінін атап өткен жөн. 

«Жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орта Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберілетін болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға жөнелтілетін бидай (HI-Pro) көлемі артуы мүмкін» деді министр. 

Ол сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 769,4 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалғанын да атап өтті. Әдеттегідей, Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы келісімшарттар жасасу кезінде бағдар болып табылады, осылайша әділ баға белгілеу астық бағасының күрт ауытқуын болдырмауға мүмкіндік бермек. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 119 мың тонна астық жеткізілген. Бұдан бөлек корпорацияның 426,3 мың тонна көлеміндегі резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. 

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бүгінгі күні дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары аяқталу сатысында. 

«Астық бастыру 4,4 млн гектарда немесе 97% алқапта жүргізілді. Гектарынан 8,6 центнер орташа түсімімен 3,7 млн тонна астық жиналды. Осы аптаның соңына дейін астық жинау аяқталатын болады» деді. 

Маржықпаевтың айтуынша, қайтарымсыз мемлекеттік көмек түрінде 39,2 млрд теңге бөлінген. 

«Егістік жұмыстарын кредиттеу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 31 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды» деді әкім. 

Қостанай облысында да дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталып қалды. Бұл туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді. 

«4,035 млн га немесе 99,4% бастырылды, 2,924 млн тонна астық жиналып бастырылды, өнімділік 7,2 ц/га құрайды. Майлы дақылдар 175 мың га алқапта жиналды немесе 29%, 54,3 мың тонна майлы тұқымдар жиналды, өнімділігі 3,1 ц/га. Астық сапасы жоғары, астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен 334 мың тонна жұмсақ бидайдың 96%-ы 3-санатқа сәйкес келеді» деді Қостанай облысының әкімі. 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың хабарлауынша бүгінгі күні 2 795 мың га немесе 93,4% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. 

«Алдын ала мәлімет бойынша, 3 млн тоннадан астам бидай басылды, орташа өнімділік – 10,6 ц/га. Барлығы 3,3 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Майлы дақылдар алқабының 39,9% немесе 382,4 мың гектар жиналды. Диқандар келесі жылғы егіс науқанына дайындықты бастап кетті. Қажетті агрохимиялық әдістер толық көлемде жүргізілді.  140 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 20 мың тонна себілмек.  Көктемгі егіске 482,6 мың тонна тұқым қажет. Бұл бағытта дайындық жүргізілуде. Облыс бойынша 3 млн гектар алқап жыртылады.  Жалпы, барлық қажетті іс-шаралар уақытылы және толық көлемде жүргізілді, бұл егін жинау жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді» деді Ақсақалов.

Айта кету керек, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыруынан бөлек, ведомство өз кезегінде минералды тыңайтқыш, тұқым, пестицид сатып алған шаруаларға субсидия беру және суармалы жерге жұмсалатын су шығынының бір бөлігін өтеу туралы көмектерді де қолға алған. Инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында техника сатып алған, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу объектілерін құрған, жылыжайлар мен өсімдік бақтарын салған, суару жүйелерін құрған әрі кеңейткен және тағы басқа да іргелі істерді қолған фермерлер шығындарының бір бөлігі өтеледі.

Егін жинау жұмыстарын уақытылы атқару үшін фермерлерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. 2021 жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 247,5 мың тонна жеткізіліпті. Мұнай өңдеу зауытындағы отынның литрі 156 теңге (тоннасы 189,0 мың теңге), операторлардың жеткізу қызметінің құнын қоса есептегенде де дизель отынының өңірлердегі орташа бағасы қымбат емес. Шаруалар дизель отынының бір литрін 177 теңгеден алады.  

«Республикада сыйымдылығы 28,8 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар.  Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тонна, фермерлерде 16,8 млн тонна астық сақтайтын орын бар. Биылғы егін жинау науқаны штаттық режимде және жоспарланған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жұмысты уақытында атқаруға қатысты барлық мәселелер министрліктің тұрақты бақылауында. Тиісті мониторинг пен талдау жасалып отырады» деп хабарлайды ведомство. 

Сондай-ақ оқыңыз