Тәуелсіздік 30 жылдығы мен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыка-драма теарының 25 жылдығына орай Көкшетау қаласында өткен III аймақтық театрлар фестивалі өтті. Бұл өнер бәйгесіне Қарағанды, Қостанай, Павлодар мен Петропавл қалаларының театры қатысты.
Көкшетау төрінде ұйымдастырылған байқауда Гогольдің «Ревизор» шығармасын сахналаған Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Үздік режиссерлық жұмыс» аталымын жеңіп алды.
«Театрдың жақында шымылдығын түрген 33-інші маусымы дәл осы спектакльмен басталған болатын. Бұл қойылымды павлодарлық көрермендер ұзақ уақыт күтті. Олардың көңілінен шыққан қойылымның өнер фестивалінде жүлде еншілуі – жоғары баға», – дейді театрдың директоры Арман Темірбек.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры спорттан да қара жаяу емес екенін көрсетті. Аталмыш фестиваль аясында ұйымдастырылған волейбол турнирінде де оқ бойы озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды.
Үздік атанған өнер ұжымдары арнайы диплом және ақшалай сертификаттармен марапатталды.