ҚТЖ өңірлерге көмір тиеуді айына 9 млн тоннаға дейін арттыруды ұсынды
Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері, атап айтқанда ағымдағы жылдың мамырынан тамызды қоса алғанда және қыркүйектің 15 күні аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісі бойынша 36,4 млн тонна тас көмір тиелді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жоспар 101% орындалды. Экспортқа 11,6 млн тонна қатты отын тиелсе, қазақстандық тұтынушыларға 24,7 млн тоннасы жөнелтілді. Мұндай мәліметтер әкімдіктер, көмір разрездері, жол бөлімшелері өкілдерінің қатысуымен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС алаңында өткен Көмірді тиеу мен түсіруді қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтылды.
Бұл ретте бірқатар өңірлердің көмір тиеу бойынша жоспарды орындамағандығы атап өтілді. Олардың арасында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-сұлтан қаласы да бар. Қыркүйек айында көмір разрездері 8,7 млн тонна көмір тасымалданатынын мәлімдеді. Алайда, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ай сайын 8,8-9 млн тонна жүк тиеу қажет деп есептейді, бұл жылжымалы құрам тапшылығын және күздің соңы мен қыстың басындағы көмір тасымалындағы қарбаластарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Жалпы, биыл 103 млн тонна көмір тасымалдау жоспарланса, оның 71 млн тоннасы ел ішіне, ал экспортқа – 32,5 млн тонна.
Кеңес қорытындысы бойынша жол бөлімшелері басшыларына көмір тасымалдау өтінімдерін уақытылы қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру, сондай – ақ вагондардың тиеу-түсіру операцияларында болуы мерзіміне бақылауды күшейту тапсырылды.