Отандық дирижерлар алғаш рет бас қосты

Жарияланды
Павлодарда «Хор музыкасының аңыздары» атты І республикалық фестиваль өтті.

Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған айтулы шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның 75 жылдығына арналды. 

Отандық дирижерлардың алғашқы басқосуына Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы филармониялардың хор ұжымдары жетекшілері мен дирижерлары, жергілікті өнер колледждері, музыка мектептері мен жоғары оқу орындары хормейстерлері,  педагогтар қатысты. 

ҚР Мәдениет қайраткері, Б.Байқадамова атындағы хор капелласының көркемдік жетекшісі және бас дирижері Бейімбет Демеуовтің айтуынша, мұндай шара музыка саласы өкілдерінің өзара тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдауға оң әсер береді. 

«Алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Хор музыкасының аңыздары» фестивалінің кәсіби білім-білікті толықтыруға, әріптестермен ой-пікір алмасуға, музыканың жиі зерттеліп, талқылана бермейтін осы бір саласының өрісін кеңейтуге ықпал етері анық. Әр түрлі ұжымдардың орындауында аты аңызға айналған композиторлардың шығармаларын тыңдаудың өзі бір ғанибет! Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілек бар» дейді Бейімбет Демеуов. 

Сонымен қатар, фестиваль аясында Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның камералық хорының «Дала үні» атты гала-концерті өтті. Керемет кешті тамашалауға келушілер «Ashyq» қосымшасы арқылы ғана кірді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз