Ангела Меркель зейнетке шыққан соң немен айналысады?
Әлемдік саясаттағы белгілі тұлғаға айналып, халықаралық аренада Германия ықпалын арттыра білген жанның бірі – Ангела Меркель. Канцлер 26 қыркүйек күні болатын парламент сайлауына қатыспайды. Бірақ сайлаудан кейін де Меркель қызметтен бірден кетпей, жаңа министрлер кабинеті жасақталғанша үкімет басшысының міндетін атқарушы болып қала тұрады.
Биыл шілдеде Вашингтонға жасаған сапары кезінде зейнетке шыққан соң біраз демалып, ешбір шақыруларды қабыл алмайтынын айтқан еді.
«Мүмкін мен бірдеңелер оқитын шығармын, одан соң аздап ұйқыға мән беремін. Сосын не боларын көреміз» деген болатын. 17 шілдеде канцлер 67 жасқа толды. Қаржылық тұрғыда әрине, ештеңеге алаңдамайды. Қазір ол бүтін елдің басшысы ретінде айына 25 мың еуро жалақы алады. Сонымен қатар бундестаг депутаты ретінде тағы 10 мың еуро төленеді. Қызметтен кеткен соң үш ай бойы өз жалақысын толық көлемде алса, сосын 21 ай бойы жалақысының 50 пайызын алып тұрады. Ал зейнетақысы айына 15 мың еуроны құрамақ. Зейнетке шығу құқығы, оны тағайындау тәртібі мен есеп-қисабы қатаң заңмен қадағаланады. Бұл ретте Ангела Меркелдің канцлер, министр және бундестаг депутаты ретіндегі еңбек өтілдері қарастырылмақ.
Айына төленетін 15 мың еуро зейнетақымен қатар оған өмір бойына жеке күзет пен қызметтік автокөлік жүргізушісімен бірге беріледі. Сондай-ақ өзге де неміс басшылары секілді Берлиндегі бундестаг ғимаратындағы кеңсесін және шағын ғана штат – офис-менеджер мен екі ассистент, жалғыз хатшысын сақтап қала алады.
Мемлекетте қызметте істеп кеткен жандар заң бойынша саясат құпиясын сақтауға міндетті. Көбіне олар саясатта жинаған танымалдылығын тәп-тәуір пайдаланып жатады. Мәселен, канцлер қызметін Меркельге дейін атқарған Гельмут Шмидт 1982 жылы Die Zeit газетінің шығарушыларының біріне айналды. Экс-канцлерлер Гельмут Коль мен Герхард Шрёдер өздерінің саяси капиталдарын жақсы пайдалана білді. Мәселен, Коль саяси және стратегиялық консультациялау бойынша компания негізін қалап, консультант және лоббист ретінде қомақты пайда тапты.
Ал Меркель не істейді? Жаңа жұмыс таба ма, әлде құрметті лауазымға жайғаса ма? Бұған өзі де әлі күнге нақты жауап берген емес. Канцлердің айтуы бойынша бұл туралы ойлануға да мұршасы жоқ. «Әзірге бұл сұраққа бас ауыртуға уақыт жоқ, оның өзінің уақыты келеді» деп қысқа қайырған. Дегенмен Берлиннен алысқа ұзамайтын сияқты. Өйткені Меркелдің жолдасы кванттық химик Йоахим Зауэр – Гумбольдт атындағы берлин университетінің құрметті профессоры, ол жақында ғана аға ғылыми қызметкер ретіндегі келісім-шартын тағы да ұзартқан. Яғни, 2022 жылға дейін.
Меркель канцлер қызметінде отырған 16 жылда (2005 жылдың қарашасынен бері канцлер қызметінде келе жатыр) АҚШ пен Францияда төрт президент, Ұлыбританияда бес премьер-министр, Италия мен Жапонияда тоғыз премьер-министр ауысты. Меркель билік құрып тұрған кезде ел саясаты негізінен әйелдер мен қарттарды жұмысқа орналастыруға және шетелден келген босқындарды қабылдауға арналды.
Қызық деректер:
• Ангела Меркель 1977-1982 жылдары Ульрих Меркельмен отасты. 1988 жылы қазіргі күйеуі Йоахим Зауерге тұрмысқа шықты.
• Мамандығы – физик. 1986 жылы өз диссертациясын сәтті қорғап шыққан.
• 1990 жылы канцлер Гельмут Коль оны әйелдер және жастар ісі жөніндегі министр етіп тағайындады. Осыдан соң Ангелаға «Коль қызы» деген лақап ат жабысты.
• Ангела Меркель иттен өте қатты қорқады. Сондықтан оның әр кездесуі алдында көмекшілері таяу маңда иттің бар-жоқ екендігін қатаң тексереді.
• Канцлер жеті жыл бойы қатарынан Forbes басылымының нұсқасы бойынша әлемдегі ең ықпалды әйелдердің көшін бастады.
• Меркель бала кезінде саяси карьера туралы армандамаған. Ол көбіне мұғалім болуға қызыққан.
• Германия канцлері шпион болып кетуі де ықтимал еді. 1970 жылы оған Штазиге барып жұмыс істеу ұсынылады. Бірақ өзінің тым көп сөйлейтінін (мемлекет құпиясын жария етіп қоюым мүмкін деген себеппен) алға тартып, бұл қызметтен бас тартады.
• Канцлер шайды жалбызбен ішкенді жақсы көреді.
• Мектеп кезінде орыс тілі пәнін жақсы көрген, тіпті орыс тілінен халықаралық олимпиадаға қатысу үшін Мәскеуге де келген.
• Ол үйіне жақын маңдағы дүкендерге өзі барып, азық-түлікті өзі алғанды жақсы көреді. Әсіресе, балық, картоптан жасалған сорпа сияқты тамақтарды жаны сүйіп дайындайды екен. Қай жағынан алғанда да канцлер қарапайымдылықты өмір бойы өзіне ұстаз етіп келе жатқан жан.