Сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазақстан жылына қанша тонна дизель импорттайды?
Қазақстанда дизель отынына деген сұраныс та, өндіріс көлемі де артып келеді. Егер 4 жыл бұрын өндіріс көлемі 4 млн тонна болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 5 млн тоннаға жетпек. Сонымен қатар жылына 500-800 мың тонна отын «сыртқа ағып» кетеді. Ал жыл сайын артқан сұраныстан туындайтын отын тапшылығын жабу үшін Қазақстан дизельді Ресейден импорттайды. Қазақстанның жанармай құю бекеттерінде дизель бағасы 191-212 теңге аралығында болса, көрші елдегі баға 265 теңгеден басталады. Яғни, біздің нарықтағы бағадан біршама қымбат.
Жыл басынан бері елімізде 3,2 млн тонна дизель отыны өндірілген, бұл саны былтырғы көрсеткіштен 9 пайызға артық. Энергетика министрлігі биыл дизель отынын өндіруден рекорд орнатамыз деп отыр. Министрлік болжамы бойынша, 2021 жылы өндірілетін дизель көлемі 5 млн тоннаға жетпек. Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және қайта өңдеу департаменті директоры Бауыржан Сәлімгереевтің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарының жаңаруы дизель отыны өндірісін 1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
«Биыл дизель отынын тұтыну көлемі айтарлықтай өскені байқалады, жыл басынан бері тұтыну көлемі 519 мың тоннаны құрады. Былтырмен салыстырғанда – 84 мың тонна, 2019 жылмен салыстырғанда 37 мың тонна артық. Бұл – ішкі нарық тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Тұтыну көлемінің өсуіне маусымдық транзит жүк тасымалының артуы себеп. Бүгінгі таңда Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан. Отын бағасындағы айырмалық айтарлықтай болған соң, транзит жүк көліктері дизельді бізден құйдырады» дейді маман.
Мәселен, қала ішіндегі жанармай құю бекеттері 70 пайыз бензин, 30 пайыз дизель сатса, ал ірі трассаларда орналасқан бекеттер, керісінше, 70% дизель отынын сатады екен.
Сарапшылардың айтуынша, Павлодар МӨЗ-інің қазан айында жоспарлы жөндеуге жабылуы дизель отыны тапшылығын тудыруы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов мәселеге қалыптан тыс көзқараспен қарап, өзгеше шешім қабылдау керек деп есептейді.
«Отын тапшылығы айқын сезіледі. Қыркүйек-қазан айларында жетіспейтін дизель отынын импорттау – бұған дейін де ішкі нарықта қандай да бір мұнай өнімі жетіспеген кезде қолданылған шара. Қазіргі кезде көрші елдер арасындағы баға алшақтығы – шамамен 70-170 теңге. Шығынға батып, ол жақтан ешкім отын әкелмейді. Екіншіден, дизель отыны мен ЖЖМ басқа түрлерін ішкі нарыққа қарағанда шетелдік жеңіл және жүк көліктеріне сату тиімдірек. Басқа елдерді мысалға келтірсек, олар тауарды резидент еместерге резиденттерге қарағанда қымбатырақ сатады. Дәл осындай жағдайды Қазақстанда жүретін көлікке де қатысты қолдануға болады Яғни, Қырғызстанда, Арменияда, Ресейде тіркелген жеңіл көліктер де, транзитпен өтетін жүк көліктеріне отынды қымбатырақ сату қажет. Өйткені олардың елдерінде баға жоғары. Шетелдік автокөліктерге қымбат сату тәжірибесін кең қолданысқа енгізу мәселесін ойластыру керек. Ал жағдай қалыпқа келгенше дизель отынын бір көлікке құюға лимит белгілеу керек. Қолда бар ақпарат бойынша, кейбір өңірлерде ЖҚС бұған кіріскен. Бесінші – гибридтік шешім: жергілікті атқарушы органдар ЖЖМ тұтынуды төмендету үшін жедел шаралар қабылдауы тиіс» деген ұсыныс білдірді сарапшы.
Айта кетейік, дизель отынының орташа бағасы Түркменстанда – 164 теңге, (ол мемлекет тарапынан тежеліп отыр), Әзірбайжанда –201 теңге, Ауғанстанда – 259 теңге, Қырғызстанда – 261 теңге. Өзбекстан мен Грузияда 350 теңгеден жоғары, Қытайда – 441, ЕО аумағында литріне 600-800 теңгеге дейін жетеді.
Ал энергетика министрлігінің өкілі зауыт жөндеуге жабылған уақытта тұтыну көлемі төмендейді және импорт мәселесі шешіліп жатыр дейді. Жыл соңына дейін дейін Ресейден 385 мың тонна дизель отынын импорттауымыз мүмкін. Жыл басынан бері 185 мың тонна импортталған.
«Қазан айында Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде дизель отыны өндірісіне әсер етеді. Дегенмен, күзгі жиын-терімнің аяқталуына байланысты, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін тұтынуды азайтады. Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешені сияқты ірі дизель отынын тұтынушылар, жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ ЖМҚС желілеріне жеткізуде іркіліс болмас үшін жетіспейтін дизель отыны импортын қарастыру қажет» деді спикер.