Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі таңда азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, азық-түлік жүйелері табиғи қажеттілік, қоршаған орта, экономика мен мәдениет сияқты адамзат болмысының барлық қырын қамтиды. Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады.
и» Әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы саналатын Қазақстан аграрлық секторды экологияландыруды және орнықты дамытуды қолдайды. Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Біз негізгі тежеуші факторларға қарамастан, майлы дақылдар экспортын 1 миллион тоннадан асырдық. Дегенмен, азық-түлік жүйесі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты болуға тиіс», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның егін шаруашылығы қауіп-қатері бар аймақта орналасқанын және құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Еліміздің су шаруашылығы 40 пайыз көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді.
«Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде шаралар қабылдадық. Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады. Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекарааралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын айтып өтті. Қазіргі таңда оның құрамында халқының жалпы саны 1,4 миллиардқа жуық 36 ел бар.
Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы агротехникалық, ғылыми және инновациялық байланыстарды нығайту, сонымен қатар қаржы, инвестиция, көлік және логистика салаларын да ілгерілету керек екенін атап өтті.
«БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет. Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты Орнықты дамудың екінші негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.