Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ағымдағы жылдың басынан бері (01.01.2021-01.09.2021 аралығындағы кезеңде) өз салымшыларына 27,2 миллион қызмет көрсетті. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,8% көп. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Электрондық форматта 19,8 миллионнан астам қызмет көрсетілді, бұл қызметтердің жалпы көлемінің 72,7% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердің танымалдығы екі есеге дерлік өсті. БЖЗҚ сайтында да, ұялы қосымшасында да бар Жеке кабинеттің көмегімен салымшылар қызметтерді қалаған уақытында, кез-келген жерде ала алатынын естеріңізге саламыз. Атап айтқанда, бұл қызметтер жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге берілетін өтініштің мәртебесін қадағалау және тағы басқалар.
Автоматты форматта (мәлімдемесіз өтініштер) 4,7 миллион қызмет көрсетілді, ол жалпы көлемнің 17,2% тең. Мысалы, міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) немесе ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу. Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашылған ЖЗШ болмаған жағдайда, ол БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйесінде бірінші жарна келіп түскен кезде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру МЗЖ немесе ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады, ал қолданыстағы құжаттың деректемелері мен тұрғылықты жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.
Салымшылар шамамен 1,6 миллион қызметті тікелей Қордың қызмет көрсету кеңселерінен алды. Қазақстан бойынша 183 қызмет көрсету нүктесінде салымшыларға 1 564 837 қызмет көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 746,4 мың қызметке (немесе 91,2% ) артық.
«БЖЗҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ-ның шалғайдағы елді мекендерде орналасқан ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде көрсетілетін қызмет түрлері бойынша бірлескен жобасының арқасында Қор салымшыларына 2021 жылдың 1 қыркүйегіне пошта операторының бөлімшелерінде 11 038 қызмет көрсетілді. Ол өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге дерлік көп. «Қазпошта» бөлімшелерінде төмендегі қызмет түрлерін жүзеге асыруға болады:
• салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің деректемелері, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту (толықтыру) туралы өтініш беру);
• хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін) туралы келісімге қол қою.