Брокерлік шарт: инвестор не нәрсеге назар аударуы керек
Азаматтар қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасауды кәсіби инвестициялық делдалдарға – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар брокерлер мен дилерлерге жүгіну арқылы ғана жүзеге асыра алады. Олар клиенттермен жазбаша түрде жасалған шарт негізінде жұмыс істейді. Бұл туралы Fingramota.kz сайты айтып берді.
Қазақстанда бағалы қағаздарды қайда сатады?
Бағалы қағаздар нарығы басқаша қор нарығы немесе капитал нарығы деп аталады. Ол ұйымдастырылған (биржалық) немесе ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) нарық болуы мүмкін.
Қор биржасы өз клиенттеріне инвесторлар мен эмитенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпараттың барынша көп саны ашылатын бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасасудың ең ашық, технологиялық және нормативтік регламенттелген тәсілін қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды сатуға арналған орталықтандырылған алаң болып табылады. Қазақстанда мұндай сауда алаңы KASE – Қазақстан қор биржасы болып табылады.
Биржада сатылатын ең танымал және кең таралған бағалы қағаздар – бұл акциялар мен облигациялар. Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?
Акция – бұл бағалы қағаз түрінде ұсынылған компания капиталындағы үлес. Облигация борыштық құрал болып табылады, оның шарттары депозиттер мен кредиттер сияқты қайтарымдылық, ақылылық және мерзімділік қағидаттарына негізделеді. Акциялар мен облигациялардан басқа, қор нарығында форвардтар, фьючерстер, опциондар және басқалар сияқты басқа да қаржы құралдары бар.
Брокерлік шартта нелер маңызды?
Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында тиісті мерзімге жазбаша нысанда брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт (брокерлік шарт) жасасудан басталады.
Брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, брокерлік шарттың мазмұны мен талаптарын клиент мұқият зерделеуге тиіс.
Брокермен өзара әрекеттесу кезінде қандай жағдайларды ескеру керек?
Брокерлік шот
Бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне ие болу үшін шарт жасалғаннан кейін клиент брокерге белгілі бір соманы беруге тиіс, ол кейіннен биржаның сауда жүйесіне бағалы қағаздарды сатып алуға және сатуға өтінім берген кезде пайдаланылатын «арнайы брокерлік шотқа» аударылады. Брокерлер әр Клиенттің қаражатын есепке алады. Клиенттердің активтері брокердің меншікті активтерінен оқшау сақталады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес брокерге клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын клиенттің тиісті жазбаша рұқсатынсыз өз мүдделеріне немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, брокерге клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге тыйым салынады.
Барлық тәуекелді саралап көріңіз
Брокерлік шартта клиентке ұсынымдар беру тәртібі, сондай-ақ берілген ұсынымдар үшін брокердің жауапкершілігі болуы мүмкін.
Брокер клиентке брокерлік қызмет көрсету процесінде ұсынатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы ұсынымдар негізделген, айқын және клиент үшін түсінікті болуы тиіс. Бұл ретте мәміле жасауға клиенттік тапсырыстың өзі брокердің осы клиенттік тапсырысқа сәйкес қаржы құралдарымен мәміле жасау жөніндегі ұсынымның болуы туралы белгісін қамтуы тиіс.
Егер брокердің ұсынымы бойынша мәмілені орындау мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соқтырса, брокер клиентке мәміле жасау нәтижесінде оған келтірілген залалды және брокерлік шартта белгіленген айыпақыны төлеуге тиіс.
Олармен танысып шықпай, қосымша шарттарға қол қоймаңыз
Брокер Сізге атауы бірдей «серіктес» шетелдік компаниямен шартқа отыруды ұсынады. Мұндай ұсынысты қабылдау өте қауіпті. Егер Сіз шетелдік брокермен келісім жасасаңыз және ол Сіздің құқығыңызды бұзса, Сізге өз мүддеңізді оның тіркелген елінде қорғауға тура келеді. Өкінішке орай, қазақстандық қаржы реттеушісі, құқық қорғау органдары мен сот Сізге көмектесе алмайды.