Жаңалықтар

iPhone 13: Қазақстанда бағасы қанша және қашан келеді?

Алсам ба, жоқ па деп жүрген болсаңыз

14 қыркүйек күні Apple дәстүрлі түрде смартфонның жаңа түрін таныстырды. Тұсаукесерден кейін пікір әдеттегідей екіге бөлінді: бірі девайстарды мақтаса, енді бірінің көңілінен шықпаған. Ал енді келесі бір тарап iPhone 13-ті асыға күтіп жүр. Сондай жандар үшін сүйінші жаңалық та жоқ емес. Қазақстандық техника дүкендерінің сайттарында алдын ала тапсырыс берудің ашылғаны туралы жаңалықты көзіміз шалды. Шамамен бағасының қандай болатыны туралы ақпарат бар. Ендеше, жаңа iPhone-ның құны қанша, ресми сатылымға қашан шығады, бұл жолы қандай артықшылықтары бар — бәрін талдап көрелік.   

Елімізде алдын ала тапсырыс беру басталды. Яғни бұл — ресми түрде келгенге дейін, елден бұрын алуға берілетін мүмкіндік. Ендеше, бағасының шамамен қандай болатынына тоқталсақ:  

iPhone 13:
•        iPhone 13 512 Gb – 900-950 мың теңге;
•        iPhone 13 256 Gb – 700-780 мың теңге;
•        iPhone 13 128 Gb – 630-690 мың теңге.

iPhone 13 mini:
•        iPhone 13 mini 512 Gb – 800-850 мың теңге;
•        iPhone 13 mini 256 Gb – 620-670 мың теңге;
•        iPhone 13 mini 128 Gb – 530-580 мың теңге.

iPhone 13 Pro:
•        iPhone 13 Pro 1T – 1,2 млн теңге;
•        iPhone 13 Pro 512 Gb – 1 млн-1,1 млн теңге аралығында;
•        iPhone 13 Pro 128 Gb – 700-800 мың теңге.

iPhone 13 Pro Max:
•        iPhone 13 Pro Max 1T – 1,2-1,4 млн теңге;
•        iPhone 13 Pro Max 512 Gb – 1-1,1 млн теңге;
•        iPhone 13 Pro Max 256 Gb – 900 мың – 1 млн теңге;
•        iPhone 13 Pro Max 128 Gb – 800-900 мың теңге.

Баға әр дүкенде әр түрлі болатынын ескеру керек. Шамамен деп айтып отырған себебіміз осы. Сонымен қатар, iPhone-ның бағасына түсі әсер ететіні де көпшілікке белгілі. Яғни жаңадан қосылған түсі әдеттегі түстерден әлдеқайда қымбаттау болады. Алдын ала тапсырыс берген кезде екі аптадай уақыт ішінде келуі мүмкін. Қазақстандық реселлерлер мен электронды техника дүкендеріне iPhone 13 қазанның 15-не қарай келеді. Яғни ресми сатылым осы кезде басталады. 

Қандай артықшылықтары бар?

     Әр жаңа моделі шыққан сайын қойылатын сауал осыдан басталады. Себебі жыл сайын жасаушылар өзгерістер енгізіп, қолданушыларды таңғалдыруға тырысады. Бірден айта кету керек, биыл сыртқы дизайнында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бәлкім, былтыр ғана ауыстырғандықтан осы жылы дизайнға бас қатырмаған да болар. Өйткені Apple жиі өзгерте бермейді. Мысалы, Home батырмасы жоқ,экраны үлкен смартфондарды iPhone X-те енгізді. Ал оған дейінгі дизайн естеріңізде болар?

Бұдан кейінгі сұрақ — алуға тұра ма, жоқ па? Бұған бір жақты жауап беру қиын. Өйткені талғамға талай жоқ. Десе де, сала мамандарының бірер кеңесін құлаққа ілген жөн болар. Мысалы, iPhone X шыққанға дейін смартфондар біршама ескірді әрі функциялары да қазіргіден өзгерек. Сондықтан апгрейд жасауға тұрарлық. Айтқандай, бұрынғы Home батырмасына, құпиясөзді тек сандар арқылы теріп үйренгендерге одан кейінгі өзгеріс біраз жаңалық болады. Себебі одан бері экран үлкейді, Face ID арқылы бұғаттан шығаратын функция қосылды. Ендеше, iPhone 13-тің қандай басым тұстары барына тоқталайық.  

•    «Алмафон» үнемі камерасын дамыта беретінімен белгілі. Бұл жолы түнгі түсірілім режимінің артықшылығын атап өту керек. Жарығы аз жерлерде суретке түсіріп, сәтсіз шыққанына қапаланып жүргендер ойланбастан алса болады. Себебі бұл жолы қараңғыда әдемі кадр шығаруға көмектесетін режим қосылған. Одан бөлек, камерасының тағы бір артықшылығы — кинематографиялық режим. Видеотүсірілімге арналған фокусты автомат түрде ұстайтын ақылды функция бар. Арт жақтағы фонды да бұлыңғыр қылып жібереді.

•    Қуаты ұзағырақ шыдайды. Бұл жағынан да жыл сайын даму байқалады. Әр жаңа моделі шыққан сайын автономдығын көбейте беретінін жақсы білеміз. Осында бұрынғымен салыстырғанда 20%-ға көбейіпті деседі.

Биыл iPhone 13, iPhone 13 Pro және iPhone 13 Pro Max шықты. Ал енді осы үшеуінің қайсысын алған жөн? Әлбетте, ең бірінші кезекте бұлардың бағасында айырмашылық болады. Ең қымбаты әрі «мықтысы» — iPhone 13 Pro Max. Қолға ұстап көрген ең дұрысы. Себебі көлемдері әр түрлі. Біреудің көңіліне мини нұсқасы ұнаса, енді бірі экраны үлкен болғанын қалайды. Одан кейінгі мән беретін дүние — жады. Кейін «жады толып қалды, бірдеңе өшіру керек» деп жүрмес үшін жақсырағын алған жөн. Десек те, 1 ТБ алу екінің біріне қажет емес. Сондықтан телефон таңдағанда оның жер жарған атағын ғана емес, артықшылықтарын жақсылап біліп барып алған дұрысырақ. Егер қарапайым қолданушы болсаңыз, мамандар ең азы да, көбі де емес 256 ГБ түрін алуға кеңес береді. Мұнда айта кететін тағы бір жайт бар. 128-гигабайттық түрлерінде  видео 1080p ғана. Ал 256-гигабайттықтан бастап 4К форматындағы ProRes-видео түсіруге болады. Сондықтан баға айырмашылығы айтарлықтай емес деп есептесеңіз, бірден орташасын не ең жақсысын алыңыз.       

Қандай кемшіліктері бар?

 iPhone 12-сі барлар үшін айтарлықтай жаңалық жоғын жоғарыда айттық. «Айфон шыққан сайын ауыстыратын әдетім бар еді» демесеңіз, қажеттілік шамалы. Тіпті iPhone 11-і барлар үшін де солай десе, артық болмас. Себебі қазіргі уақытта мобайл қолданбалар мен ойындарды бұлар жап-жақсы көтереді, қалыпты жұмыс істейді. Алдағы 1-2 жылда да солай болатын секілді. Кемшілік деуге келе ме, белгісіз, десек те айфон бағасының қымбат екені баршамызға белгілі. Сондықтан бағаларды салыстыра келе, өзіңіз үшін байлам жасарда жақсылап ойланыңыз. Мәселен, соңғы шыққан модельдің базалық нұсқасы — 128 ГБ. Ал iPhone 12-нің одан жады молырақ түрі сонымен бағасы жағынан шамалас болады. Бұл ретте сіз үшін не маңызды: жады ма, әлде соңғысы алғанын айтып мақтану ма? Немесе сол ақшаға iPhone 11 Pro Max алуға болады.  Ең қымбатын аларда оның басым тұстарын жақсы біліп, соны нақты пайдаланатыныңызға сенімді болсаңыз, онда керемет. Бәрін өлшеп, таразылап алған жөн.