Қазақстандағы 33 су айдынының суы ішуге де, өндіріске де жарамсыз

Жарияланды
28 өзен мен 6 су қоймасы қатты ластанған

Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін алтын өндірушілердің лайлап-ластауы ел аумағындағы жер үсті суларының экологиялық жай-күйіне қатысты мәлелелерді ашып берді. Мемлекет басшысы Қалжырды ластап жатқандарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырған еді. Ал «Қазгидромет» РМК мамандары жүргізген зерттеу елдегі ондаған өзен мен су қоймасының жағдайы Қалжырдан да нашар екенін байқатады. Бұл су айдындарының суы не ішуге, не өндіріске жарамсыз.

Қазгидрометтің экологиялық мониториг департаменті Қазақстанның жер үсті суларының сапасын бағалау қорытындысын жариялаған.  Мамандар су объектілері сапасын бірыңғай жіктеме бойынша  бағалайды: 1 класс – ең таза, сапалы су, ал бесіншісі – ең лас, сапасы нашар су. 

Қазгидромет сайтында жарияланған жартыжылдық бюллетеньде тексерілген 107 су айдыны арасында 40 өзен мен су қоймасының сапасы нашар екені жазылған. Ал 33 су айдынының суы тіпті өндірістік мақсатта пайдалануға жарамайды екен. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Түркістан облыстарындағы 27 өзен, Батыс және Шығыс Қазақстан, елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі алты су қоймасы бар.  Мамандардың бағалауынша, Аманкелді (қалқыма заттар), Қаратомар (қалқыма заттар), Жоғарғы Тобыл 29 (қалқыма заттар), Самарқан (жалпы темір), Тасөткел (қалқыма заттар), Шардара (қалқыма заттар) су қоймаларының суы пайдалануға мүлдем жарамсыз. 

Аягөз, Шаронов, Киғаш, Ембі, Ырғыз, Шынғырлау, Қараөзен, Тобыл, Обаған, Үй, Желқуар, Тоғыз, Акбұлақ. Сарыбулак, Ақсу, Қылшықты, Нұра, Қара Кеңгір, Соқыр, Шерубайнұра, Талас, Асса, Ақсу, Тоқташ, Қарабалта, Сарықау, Сырдария өзені суының сапасы сын көтермейді. 

«ҚР жер үсті су объектілеріндегі негізгі ластаушы заттар тұз құрамындағы басты иондар (магний, хлоридтер, кальций, сульфаттар), биогенді және органикалық қосылыстар (аммоний-ион, ОХТ, ОБТ5, жалпы фосфор, фосфаттар, жалпы темір), ауыр металдар (кадмий, марганец, қорғасын), фенолдар, қалқыма заттар болып табылады. Табиғи-климаттық және антропогендік факторларға, тарихи ластануға, әртүрлі экономикалық бағыттағы кәсіпорындар мен коммуналдық кәсіпорындардың ағынды суларының ағып кетуіне және т.б. осы көрсеткіштер бойынша сапа стандарттарының асып кетуіне байланысты» делінген «Қазгидромет»  РМК есебінде. 

Бұдан бөлек, биыл жарты жылда экологтар Қазақстан өзендері 7 рет шектен тыс, 144 рет қатты ластанғанын айтады. Мәселен, Ақтөбе облысында Елек өзенін алынған сынамалар  өзен суының ай сайын алтывалентті хроммен қатты ластанғанын көрсеткен. 

Айта кетейік, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бір апта бұрын Facebook-тегі парақшасында «Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжей тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді» деп жазған еді. Мемлекет басшысы бұл мәселені ресми баяндамалардан емес, газетттен білген. Бірден аймақ әкімдігінде жұмыс тобы құрылған.

Жұмыс тобының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев  өзен  жайын өз көізмен көріп, «бұл шектен шыққан жайт» деді. Ауыр техниканы пайдаланбай кез іздеуге ғана лицензиясы бар алтын қазушылар экскаватор көмегімен өзеннің арнасын өзгертіп, құрамында алтыны бар құмды жуатын жасанды тоғандар салған. Дәл осы технологиялық процесс кезінде өзен түбінен көтерілген балшық Қалжыр суын лайлаған. Өзен суынан алынған үлгіден  қалқымалы зат көлемі нормадан  54 есе артық екені анықталған. 

Ержан Нұрбаевтың айтуынша, Күршім ауданының полициясы кеншілердің заңсыз әрекетін 2021 жылдың мамыр айындағы рейд кезінде, Хван деген жеке кәсіпкердің жұмысшылары өзен жағасын қазып жатқанын көргенде біліпті.

Сол кезде заң бұзуды тоқтату туралы ескертпе беріліп, 2021 жылдың шілде айында компанияның лицензиясы қайтарып алынған. 

«Заң бойынша, лицензия қайтарып алынғаннан кейін алтын қазушылар рекультивация жүргізуге міндетті. Бірақ оны кәсіпкер жасаған жоқ. 28 шілде күні Күршім аудандық соты  қаулысымен Хванға Су кодексін бұзғаны үшін 131 мың теңге көлемінде айыппұл салынды» деді Ержан Нұрбаев.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфыһар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі кезде Қалжыр өзеніне келтірілген экологиялық залал бағаланып жатыр. Егер табиғатқа келтірілген зиян көлемді болса, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатын болады.Оған қоса кәсіпкер жағалауды қалпына келтіру, жердің ландшафтын қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуге міндетті.
 

Сондай-ақ оқыңыз