Жаңа сөздік: бизнес саласындағы сленгтерге түсіндірме
Қазір екі адамның диалогын естіп отырған үшінші біреу кей сөздерді түсінбей қалуы мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік желіде, бизнес, IT сияқты салаларда кірме сөз көп. Қазақша баламасы бола тұра заманауи сленг іспеттес болып кеткен. Осы орайда жаңа сөздердің не мағына беретініне тоқталып, кішігірім сөздік жасағанды жөн көріп отырмыз. Бұл тақырыптағы материалдар бірнеше лекпен шығады. Бүгін назарыңызға кәсіпкерлердің аузынан жиі еститін сленг яки терминдерді ұсынып отырмыз.
Бизнес саласындағы сөздер
СTO (си-ти-о) (ағылш. Chief Technical Officer) — техникалық директор. Бұл лауазымда компания негізін бірге қалағандар да, қатардағы қарапайым қызметкерден өскендер де, болмаса сырттан жалданған мамандар да болуы мүмкін. Былайша айтқанда, техникалық директор яки СТО — бизнесті жақсы түсінетін, оның даму стратегиясынан хабардар атқарушы директор.
Роудмэ́п (ағылш. road map — жол картасы) — өнімді қалай дамыту керегі бекітілген технологиялық карта. Оның ішінде өндірістің негізгі кезеңдері, техникалық талап-шарттар мен мақсаттарға жету жолдары жазылады. Мұны үтір-нүктесіне дейін көрсетілетін жоспар деуге келмейді. Себебі бұл жерде көбіне ең маңызды бағыттары сипатталады. Бұл құжатта компанияның стратегиясы ескеріліп, өнімді жасаудағы мақсат қандай — сол сұрақтарға жауап беруі қажет.
Продакт-менеджер (ағылш. product manager) — өнімге қатысты жұмыстармен айналысатын адам. Барлығын бастан-аяқ қадағалайды. Нарықты зерттеп, өнімді ұсыну, дамыту, сату сынды жұмыстарды атқарады. Жасаушылар, дизайнерлер, маркетологтар және өзге де мамандармен тікелей байланыста болады. Өнімді жасап қана қоймай, одан да жақсырақ етумен «басы қатады».
Проджект-менеджер (ағылш. project manager) — қандай да бір өнімді жасап шығаратын кезде дүниеге келген нақты бір жобаның айналасында жұмыс істейді. Жоба жүргізетін адам ретінде клиент талаптарын зерттеп, командаға нұсқау беріп, тапсырмалардың уақытылы әрі дұрыс орындалуын қадағалап, түрлі бөлімдердің жұмысына бас-көз болады. Жобаны алып жүретін менеджер, қысқасы.
Сторителлиң (ағылш. storytelling — әңгімелеу) — клиентке не оқырманға маңызды ақпараттарды оқиғалар арқылы баяндап, әңгімелеп беру форматы. Көбіне оқиғаның басты кейіпкері оқырманның өзі болып шығуы мүмкін. Мұндай форматты сайттардың парақшаларынан, блогтардан, әлеуметтік желіден жиі көруге болады. Егер сторителлиң сәтті жасалса, бренд пен аудитория арасындағы берік байланыс орнайды.
Пуш (ағылш. to push — басу) — орындаушыға «қықылдап» ескертпе жасай беру. Әсіресе, дедлайны тіреліп тұрса да мыңқ етпей жатқан жұмысшылар қимылдатқан кезде осы сленгті қолдануға болады.
Геймификация (ағылш. gamification) — клиент тарту, оларды әрмен қарай ұстап қалу не қызметкерлерді ынталандыру үшін кәдімгі ойындардағы әдістерді қолдану. Яғни ондағы кейіпкерлер, марапаттар, ұпайлар, бәсеке — осыларды пайдалану. Геймификацияның озық үлгісі ретінде тіл үйренуге арналған LinguaLeo және DuoLingo сервистерін атап өтуге болады.
Визионер (ағылш. visionary — көріпкел) — стратег, футуролог, технологиялық «сәуегей». Бұл адам компания өнімінің не жалпы бизнестің стратегиясын құрады. Визионер негізін қалаушының өзі болуы да әбден мүмкін. Айталық, ондай Адамдар қатарында Илон Маск пен Стив Джобс бар. Болмаса, штаттағы қызметкердің де болуы ғажап емес.
Таргетолог (ағылш. target — мақсат) — таргеттелген жарнама бойынша маман. Мақсатты аудиторияны анықтап, нақты соған бағыттап жарнамалар жібереді. Яғни жынысы, жасы, қызығушылығы, табысы, білімі, тұратын жері сынды бірнеше факторларды ескере отырып, жарнама өтеді-ау дейтін адамдарға бағыттайды. Сатылымның жақсы болуы таргетологқа тікелей байланысты. Әрі трафикпен жұмыс істейді.
Пивот (ағылш. pivot — бұрылыс) — бизнес-модельдің өзгеруі. Пивот болды деп компанияның өз өнімін не қаржыландыру тәсілін түбегейлі өзгертіп, мүлдем басқа аудитория мен нарыққа бағыт алған кезін айтады.
Питч (ағылш. pitch — беру) — жоба не идеяны инвестор, басшылық болмаса әділқазы алқасының алдында таныстыру.
Факап (ағылш. fuck up — бүлдіру) — сәтсіздік, ойыңыздағы дүние болмай қалған кезде қолданылатын сленг.