Жаңа сөздік: заманауи сленгтерге түсіндірме
Қазір екі адамның диалогын естіп отырған үшінші біреу кей сөздерді түсінбей қалуы мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік желіде, бизнес, IT сияқты салаларда кірме сөз көп. Қазақша баламасы бола тұра заманауи сленг іспеттес болып кеткен. Осы орайда жаңа сөздердің не мағына беретініне тоқталып, кішігірім сөздік жасағанды жөн көріп отырмыз. Бұл тақырыптағы материалдар бірнеше лекпен шығатынан айтқан едік. Бүгін назарыңызға IT саласы, қоғамдағы және интернетке қатысты сленг яки терминдерді ұсынып отырмыз.
ІT саласындағы сөздер
Скрам (ағылш. scrum — төбелес, текетірес) — жобаны басқару әдіснамасы. Мұның негізінде команданың бар ресурсы мен потенциалын қолдану жатады.
Скрам-мастер — командағы мәселелерді шешуге, барынша жемісті жұмыс істеуге көмектесетін, жігерлендіріп, қанаттандырып отыратын адам. Тапсырыс беруші мен команданың арасындағы алтын көпір іспеттес.
Спринт (ағылш. sprint — қысқа қашықтыққа) — скрам бойынша жұмыс істеу кезеңі. Жобаға байланысты жұмыстар ұзақтығы 1-4 апталық бірнеше спринт сериясынан тұрады. Әр спринт жаңартылған релиздің шығуымен аяқталады.
Сторипойнт (ағылш. story point — сюжет нүктесі) — скрам жұмысына қатысты берілетін баға. Ол сағатпен есептелмейді. Әр жоба үшін әр түрлі. Бір сторипойнт деп жобаның қарапайым, базалық мақсатын айтады.
Ретроспектива (ағылш. retrospect — өткенге көз салу) — спринттен кейінгі кезең. Алдында кеткен қателіктер мен мәселелер қарастырылады. Сөйтіп алдағы спринттер мен жобаларда ескеріледі.
Тимлид (ағылш. team lead — топ жетекшісі) — команданың көшбасшысы. IT саласында — инженерлік, менеджерлік, әкімшілік қабілеттері бар адам.
Фронтэнд (ағылш. front-end — сыртқы интерфейс) — сайт, бағдарламалық жасақтама немесе қолданбаның көзге көрінетін жері. Яғни өнімнің қолданушы пайдаланатын бөлігі.
Бэкэнд (ағылш. back-end — серверлік жақ) — сайт, бағдарламалық жасақтама не қолданбаның бағдарламалық-аппараттық бөлігі. Мәліметтердің сақталуы мен өңделуіне жауап береді, фронтлэнд арқылы қолданушыдан келіп түскен мәліметтерді алып, тиісті жерге жолдап отырады.
Юзер стори (ағылш. user story — қолданушы тарихы) — мақсатты аудиторияның талап-тілегі. Оларды спринттер кезінде жасаушылар командасы біртіндеп жүзеге асырады. Мұны техникалық тапсырманың бір түрлі деуге болады. Жасаушылар осылайша өнімді қолданушы тарапынан қарап көреді.
Киллер фича, эпик фича (ағылш. feature — ерекшелік) — өнімді өзгелерден өзгеше ететін ерекшелігі. Айналысатын нәрсеге байланысты эпик фича әр түрлі болады.
Релокейшен (ағылш. relocation — көшу, орын ауыстыру) — қызметкердің, бір бөлімнің, болмаса түгел компанияның басқа қалаға не басқа елге қоныс аударуы. Жұмыс беруші мұндай жағдайда жол ақысын төлеп, алғашқы айларда тұратын жерінің ақысын береді.
Онбордиң (ағылш. onboarding — бейімделушілік) — компанияға жаңа қызметкердің қосылуы немесе өнімді жаңа клиентке таныстыру.
Майлстоун (ағылш. milestone — белгі, қада) — жобаның даму кезеңі, жаңа кезең.
Қоғамда жалпылама қолданылатын сөздер
Довен — мәселені аса білмейтін, бірақ өзін сарапшы қылып көрсететін адам. Сөйтіп өзгелерді үйретуге тырысатыны тағы бар. Геймерлер ортасында довеннің дүниетанымы Dawn of War ойын әлемімен шектелген. Довен деген атау да содан шыққан.
Байт жасау (ағылш. bait — қақпан) — музыка, дизайн не сырт көріністе біреудің стилін көшіріп, ұрлау.
Панч, панчлайн (ағылш. punch — жұдырықтау, punchline — кульминация) — мықты аргумент. Бұл термин рэп орындаушылардың баттлдарынан алынған. Дегенмен панчтар әдеттегі диалогтарда, хабарлама алмасқанда да кездесуі мүмкін.
Чилиң (ағылш. chilling out — расслабляться) — соңғы кездері өте жиі естіп жүрген болуыңыз мүмкін. Мұның мағынасы — ештеңемен айналыспай, демалу.
Форс жасау (ағылш. to force — таңу, мәжбүр ету) — әлдебір жаңа дүниені барынша белсенді дамыту, алға сүйреу. Ол мейлі музыка, зат, идея не сөз болсын.
Изи (ағылш. easy — оңай) — қандай да бір нәрсені істей аласың ба деп біреу сұрағанда, егер оны оп-оңай жасай алсаңыз, осылай «изи» деуге болады.
Норми — интернеттегі белгісіз яки құпия юзер немесе оффлайндағы көзге көп түсе бермейтін адам. Былайша айтқанда, норми деп қатып қалған тәртіппен өмір сүретін, қоңырқай тірлікпен жүретінді айтады.
Коллаба (ағылш. collaboration — серіктестік) — мұны, әсіресе, блогер не вайнерлердің аузынан көп естіген болуыңыз мүмкін. Коллаба немесе коллаборация деп бірлескен жұмысты айтады. Мысалы, бірігіп ән жазу, видео түсіру, киім үлгісін жасап шығару және т.б.
Хасл (от англ. hustle — қарбалас, әбігерлік) — табыс, мерей. Мұны көбіне негатив мәнде қолданады. Мысалы ақша табамын деп өнерге зиянын тигізу не ережеге сай келмейтін әрекеттер жасау.
Интернетке қатысты қолданылатын сөздер
Стрим жасау (ағылш. stream — ағын) — онлайн-трансляция жүргізу. Көбіне жеке, командалық не турнирлік ойындардың өту процесіне стрим жасалады. Стримерді көрермендер көріп, даусын естіп тұрады. Астына пікір жазуға да мүмкіндік болады. Әлем бойынша ең танымал сервистер ішінде Twitch.tv, YouTube, CyberGame.tv бар.
Бинджвотчиң (ағылш. binge — ішімдік және watching — қарау, бақылау) — сериал, фильм не роликтерді салынып тұрып қарау. Басқаның бәрін ұмытып, баспен кіріп кететін кезді сипаттайтын термин.
Лось, лойз, лукас, люсьен — «лайк» сөзімен мағыналас сленгтер. Бір сөзді айта бергіңіз келмесе, осыларды қолдануға болады.
Нейронка, нейрожелі — мидың нейрондық желілерінің компьютерлік моделі. Тәжірибе арқылы жүзеге асырылатын, оқытылатын жүйе.
Майниң жасау (ағылш. mining — өндіру, табыс) —видеокарта, қатқыл диск не қуат беру блогтарында криптовалютаға генерация жасау.
Биток — биткойн, әлемдегі ең алғашқы әрі ең танымал криптовалюта.
Альттер — альткойндар — биткойннан басқа барлық криптовалютаның жалпылама атауы.
Мемер, пикчер — мемдерді жасап, тарататын адамды айтады. Мем дегеніміз — интернетте танымал болып кеткен, белгілі бір мәні бар иллюстрация. Ол жазу түрінде де, сурет түрінде де бола береді. Мемер мен пикчер көбіне әлеуметтік желідегі пабликтерді жүргізеді.