Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығына қосымша 100 млрд теңге субсидия қажет

6-7 айдан бері субсидия алмаған шаруалар бар

«Атамекен» ҰКП есебі бойынша, қажет қосымша субсидия көлемі 100 млрд теңге болатынын анықтады, ал жергілікті атқарушы органдар жыл соңына дейін түсетін өтінімдерді есепке алмай, бұл соманы 71 млрд теңге деп көрсетіп отыр, деп жазады кәсіпкерлер палатасының ресми сайты.

Ұлттық палатаның бастамасымен АӨК үшін субсидия бөлу және субсидияға өтінім беретін Qoldau ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты мәселелер талқыланған.

Палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Ұлттық палатаның VIII съезіне дейін барлық аймақтағы кәсіпкерлермен кездесу өткенін және талқылауға шығарылған 79 сұрақтың 17-сі агроөнеркәсіп кешеніне қатысты болғанын атап өтті. Оның ішінде субсидия тапшылығы көтерілген.

Атап айтқанда, Qoldau жүйесі арқылы өтінім беріп, күту парағына енбей қалған шаруалардың субсидия көлемі есепке алынбай қалып отыр. Әкімдік оларды қоспай, 71 млрд теңге деп көрсетіп отыр, ал шын мәнінде ақпараттық жүйе қызметін толық атқарса, субсидияға өтініш беретін шаруалардың саны да, субсидия сомасы да артады.

Сонымен қатар, ҰКП Төралқасының агроөнеркәсіп кешен комитетінің төрағасы Иван Сауэр субсидия көлемі аймақтардағы кәсіпкерлердің сұранысы мен сауалнамасынан кейін анықталғанын жеткізді.

«Бүгінде азық-түлік бағасы өзекті мәселе екені түсінікті, бірақ бірнеше айдан бері тауар өндірушілер ет, сүт, жұмыртқа үшін субсидия ала алмай келеді. Әрине, олар мүмкіндігінше күтіп отыр. Мен ірі тауар өндірушілердің бірі де сүт өнімдерінің бағасын бір теңгеге көтермеген деп айта аламын. Екі жыл бойы баға тұрақты, бірақ басқа бағалардың қалай өскенін жақсы білесіз. Бірақ кейбір өңірде шаруалар 6-7 айдан бері субсидия ала алмай отыр, яғни бұл мәселені шұғыл шешу қажет» – деп түсіндірді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов субсидия көлеміне қатысты министрліктің есебін баяндады. Ведомство әкімдіктердің есебіне сүйеніп, қосымша субсидия көлемі 74,2 млрд теңге деп топшылаған.

«Біз әкімдіктермен қосымша субсидия мәселесін қарастырдық. Әр әкімдіктен қажеттілік мөлшерін сұрадық. Біздің деректеріміз бойынша қосымша субсидия көлемі 74,2 млрд теңге болды. Бұл жерде бұған дейінгі 71 млрд теңгеге құрғақ сүт, сары май қайта өндірісінің субсидиясы қосылды (…)»– деді ол.

Сондай-ақ АШМ өкілі күту парағындағы қолайсыздықтарға қатысты пікір білдірді. Ол мүдделі мемлекеттік органдармен Qoldau жүйесін пайдалану ережелерінің жобасы әзірленгенін айтты. Содан кейін жүйе қазанның аяғында толық іске қосылады.
Қосымша субсидияға қатысты тараптардың пікірін тыңдаған премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Qoldau жүйесіндегі күту парағының жұмысын уақытылы орындауды жүктеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті және республикалық бюджеттен субсидиялау бағдарламаларына қаражат іздестіру және бөлуга қатысты тапсырмалар берді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпараттық жүйені талапқа сәйкес етіп түзету керек. Күту парағына қатысты мәселені түзетсе шаруалар өтінімді жаңадан бермейтін болады. Қосымша субсидияға қатысты айтатын болсақ, өзекті әрі күрделі проблема. Сондықтан премьер-министр жыл соңына дейін субсидия бойынша қарызды өтейміз деген шешім шығарды. Тек мұны аймақтармен орындаймыз. Белгілі бір мөлшерді өңірлік бюджеттің есебінен орындаймыз» – деп түйіндеді Смайылов.