Қазақстанның төлем баланс тапшылығы 2,4 млрд долларға жетті
Қазақстан Ұлттық Банкі 2021 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есептік төлем балансын қалыптастырды. Ағымдағы шоттың тапшылығы 2021 жылғы тамызда жарияланған алдын ала бағамдаумен 757 млн АҚШ долларына артып, 2,4 млрд долларға жеткен.
Алдын ала бағалау мен қорытынды деректер арасындағы айырмашылық, ең алдымен, 2021 жылдың екінші тоқсанындағы төлем балансы бойынша кәсіпорындардың түпкілікті есептерін алуға байланысты.
«Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі алдын ала бағалаумен салыстырғанда 893 млн АҚШ долларына өскен кірістер балансында ең үлкен өзгеріс болды. Алдын ала бағалауды жариялау кезінде қалыптасқан көрсеткіштер 2021 жылдың екінші тоқсанында шетелдік инвесторлар кірісінің өсуін бағаламады» делінген хабарламада.
Шетелдік инвесторлар кірісінің өсуі негізгі құрауыштар – дивидендтер бойынша және қайта инвестицияланған пайда бойынша байқалатыны айтып өтілген. Мұндай кірістердің басым бөлігі мұнай-газ, өзге де тау-кен өндіру, қаржы секторларына тиесілі.
«Сауда балансы бойынша алдын ала бағалауға қатысты өзгерістер шамалы және уәкілетті органдардың сауда мен респонденттердің есебін жаңартуға байланысты. Тауарлар экспорты (-)8,7 млн АҚШ долларын құрады, ал импорт 49,4 млн АҚШ долларына ұлғайды» дейді Ұлттық банк.
Тамыз айында ғымдағы шоттың тапшылығы (-)1,7 млрд АҚШ долларын құрағаны хабарланған еді. Ол кезде ағымдағы шоттың жай-күйі ішкі сұраныс пен әлемдік экономикалық белсенділікті қалпына келуі ықпал еткені айтылған.
FINANCE.kz телеграм-каналының жазуынша, төлем балансының тапшылығы – біздің елде шетел валютасының жалпы таза түсімі теріс дегенді білдіреді. Яғни, елден кететін валюта көлемі Қазақстанға келетін валютадан асып түседі. Өкінішке орай, тапшылықтың өсуі экономикамыздың импортқа тәуелді екенін тағы бір дәлелдеп отыр.