Инстаграм мен фейсбук арқылы қазақ тілін қалай дамытуға болады?
Бүгін де фейсбук пен инстаграмның дәурені жүріп тұрған кез. Мұнда не жазсаң да адамдарға тез жетеді. Пайдалы ақпарат болса, сайттар бірден іліп алып кетеді. Пайдасыз ақпарат болса да кез-келген жан бір оқып шығатыны анық. Дегенмен фейсбук пен инстаграм тілді жетілдірудің тағы бір құралы десек те болады.
Мәселен сен орыс тілді маман болсаң, фейсбугіңе қазақ тілінде үнемі жазатын қазақ блогерлерін немесе қазақ тілді мамандардың жазғанын оқып отырсаң, ол да қазақ тіліңнің деңгейін көтеретіні анық. Әсіресе қызықты постардың астына жазылған әрлі де нәрлі пікірлер сені бей-жай қалдырмайтыны анық.
Ал қазақ тілін жетілдірудің екінші бір нұсқасы: ол күніне қазақ тілінде өзің туралы, өмірге көзғарасың жайлы, тіпті күнделікті әрекетің жөнінде де ақпарат салып тұрсаң оның өзі тілді дамытуға деген бір қадам. Сенің қазақ тілің сауатты жазылмаған күнде де сен еркін сөйлеуге әрекет жасайсың. Сенің постыңа жазылған сыни пікірлер болсын тілдік қорыңды көбейтуге септігін тигізеді. Ең бастысы сенің қазақ тілің сынға ұшыраған сайын, сен оны жетілдіре түсесің. Қатесін жөндейсің.
Мен осыдан бір жыл бұрын ағылшын тілі курсының тегін грантын жеңіп алдым. 9 ай бойы аптасына екі мәрте ағылшын оқи бердім. Ағылшындармен сөйлесетін, тілдік деңгейіңді көтеретін клубы тағы бар екен. Сөйтіп ағылшынша сөздер жаттап, курста өзара ағылшынша сөйлегендей болып, өзімше болып қалам да, сабақ аяқталған соң әлгі ағылшынымды «тарс» ұмытып қаламын.
Сол кезде ойладым: тілдің мида тез сақталып қалмауы біріншіден, тілдік ортаның жоқ болуы, екіншіден жасың ұлғайып бара жатқаннан кейін де есте сақтау қабілетінің төмендеуі де, сеп болуы мүмкін деген тұжырымға келдім. Бұл енді өз ойым. Сонда да тілдік орта іздедім.
Сөйтіп телеграм арқылы Америкалық журналистер мен Өзбекстандық журналистердің таза ағылшынша зум арқылы пікір алмасатын клубына тап болдым. Жалғыз қазақ журналисі ретінде ағылшын клубына зум арқылы жарқ етіп енген кезде, Америкалық журналистер «Уау, грейт Гулвира, good, good» деп мені қолдай берді. Олардың ағылшынша тез сөйлейтіні сонша, бірін ұқсам бірін ұқпадым. Сонда да, елде болып жатқан жаңалықты ағылшынша айтуға тырыстым. Құрастыра алмаған сөздерімді ғаламтордағы гугл-аударма жөндеп беріп отырды. Осылайша ағылшынша жаңалық айтып отырған кезде өзімді Би-Би-Си –дің, кейде Си-Эн-Эннің журналисі сияқты сезіндім. Америкалық әріптестерім де маған сұрақтарын қарша боратып жатады. Алайда аяқ астынан ағылшынша құрап, жауап беріп жатқан кезімде көп сөздерді дұрыс айтпайтынымды сездім. Бірақ, ағылшын тілді ұстазым маған фейсбугың мен инстаграмыңа ағылшынша қысқа да нұсқа күнделікті бір пост жаз деп кеңес берді. Айтқанындай, күнделікті мәтін жазып отырып едім, айналамдағы адамдар менің ағылшынша сөздерімді жөндеп беріп, біраз сын естідім. Есесіне әрбір сынға ұшыраған ағылшынша жазбаларым есімде сақталып қалды. Осылайша, аз-маз болса да тіл үйреніп, жетілдіруге болады екен ғой деген тұжырымға келдім. Енді осы әдісті қазақ тілін жетілдіруге қолданса, қаншама адам мемлекеттік тілді меңгеріп алар деген ой келді.