Қорғаныс министрлігі әскери мақсатта қолданылмайтын қару-жарақтың көзін жояды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Мұрат Бектанов өткізген жиында Қазақстан әскерінің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланған. Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясы бастығы о-дәрі қоймаларын тексеру барысы туралы баяндама жасаған. Мамандар инспекциялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе – түгендеу нәтижесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді кәдеге жарату екені атап өтеді.
«Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жөніндегі жұмысты уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді. Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады» делінген хабарламада.
Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс ведомствосы 2021 жылғы 30 қыркүйекте Үкімет қабылдаған № 964 қаулы әзірленген.
«Оған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жоятын болады» дейді министрлік баспасөз қызметі.
Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрліктің бірлескен бұйрығы айқындайды.
Айта кетейік, 26 тамыз күн сағат 19.10-да Байзақ ауданы, Қайнар ауылында орналасқан No28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Салдарына 15 адам қайтыс болып, 90-ға жуық тұрғын зардап шекті. Қорғаныс министрлігі бұл қоймада Арыс қаласындағы әскери бөлімнен көшірілген инженерлік оқ-дәрі сақталғанын мәлімдеді.