Ақтау қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Бұрын мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларының әуежайларында қолжетімді еді.
Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile қосымшасында тіркелген пайдаланушыға «Цифрлық құжаттар» сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет. Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.
Жоғарыда аталған әуежайларда осы қызметті пайдалануды жоспарлап отырған жолаушылардың пилоттық жоба кезінде өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын да алып жүргені жөн болады.
Ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның, отандық әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен күш-жігерінің арқасында пайда болды.