Жаңалықтар

Ерікті қоныс аудару бағдарламасына 20 млрд теңге жұмсалған

Кеткен қаржы қандай нәтиже берді?

Оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдарламасы қолға алынған 4 жыл ішінде 29 мың тұрғын солтүстік өңірлерге көшіпті. Соның ішінде 9 мың адам жұмықа орналасқан. Алайда бұл бастама солтүстік өңірлердегі жұмыс күші тапшылығын шеше алмай тұр. Ішкі миграцияға тигізген әсері де мардымсыз. Осы жылдары оңтүстіктен көшкендерге берілген мемлекеттік субсидия, жәрдемақы, олардың баспана жалға алу және сатып алуы үшін 20 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған.

 Ішкі миграциядағы үлесі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың kursiv.kz-ке берген мәліметі бойынша, 2017-2020 жылдары халық тығыз орналасқан оңтүстіктен жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге 7 мыңнан астам отбасы немесе 25,7 мың адам қоныс аударған. Ал 2021 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында олардың қатарына тағы 1,3 мың отбасы немесе 4,5 мың азамат қосылған. Бағдарлама жұмысын бастағалы бері 30,2 мың адам қоныс аударған.

Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі  Павлодар (33%) мен Солтүстік Қазақстан (26%) облыстарын көшіп, сол аймақтарға қоныстанған. Ал Ақмола облысына тек 4%-ы ғана көшіп барған. Қоныс аударғандардың ішінде 600-дей адам жаңа ортаға бейімделе алмай, кері көшіп кетіпті.

Статистикалық мәліметтерді сараптай келе,  аталмыш бағдарлама Қазақстандағы ішкі өңіраралық көші-қон үрдістерін өзгерте алмағанын, аса үлкен ықпал етпегенін байқаймыз. Қоныс аударғысы келетіндердің  аздығы халық саны сирек өңірлерге бұл көштің елеулі әсер ете қоймаған анық.

2020 жылғы деректер ішкі миграттардың басым бөлігі еліміздің ірі 3 мегаполисіне қоныс аударатынын байқатады. Ал бұл қалалар ерікті қорыс аудару бағдарламасына кірмейді. Ел тұрғындары мемлекеттің еш көмегінсіз ірі қалаларға көшуді жалғастырып жатыр.  

Өңіраралық көші-қон көрсеткіші 2020 жылы 343 мың адамды құрады. Жалпі ішкі көші-қонда құрылымында қоныс аудару бағдарламасында басымдық берілген өңірлерге көшкендердің қатары аз. Солтүстік облыстарға былтыр 43,2 мың адам көшіп барған екен. Оның 21 пайызы – бағдарлама қатысушылары. Жалпы ішкі көші-қонда қоныс аудару бағдарламасына қатысып, солтүстікке бет түзегендердің  үлесі бар-жоғы – 1,6%.

Сондай-ақ, ерікті қоныс аудару бағдарламасы  солтүстік облыстардың жалпы көші-қон сальдосына айтарлықтай әсер ете алмады. Соңғы төрт жыл ішінде ол теріс болып келеді. Қазақстанның демографиялық жылнамасы деректеріне сәйкес, 2017-2020 жылдары Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан 92 мыңнан астам адам  шетелге көшіп кеткен. Шетелге көшкендердің саны оңтүстіктен келгендерден үш есе көп.

Қоныс аударғандарға жұмыс табылды ма?

Ержан Біржанов ұсынған ақпарат бойынша, 2017-2020 жылдар аралығында  бюджеттен көшкендерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін 16,2 млрд теңге, 2021 жылы 4,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат азаматтарға қоныс аудару (отбасының бір мүшесіне 70 АЕК), көшіп келген жылы тұрғын үй жалдау шығындарын өтеуге, оларды жұмысқа алған жұмыс берушілерге субсидия төлеуге жұмсалған.

«Қоныс аударғандардың 613-і өз ісін қолға алған.  Ал 109-ы шағын несие алған. 223-і мемлекеттік грантқа ие болды» делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хатында.

Көшіп келгендерді жаңа қоныста жұмысқа орналастыру мәселесіне келер болсақ, ҚР Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, 2017-2020 жылдары қоныс аударған 25,7 мың адамның тек жартысы  – еңбекке қабілетті жандар. Сол 13 мың адамның 9 мыңы жұмысқа орналасқан. 

«Ерікті қоныс аударушыларға негізінен жеке кәсіпкерлер жұмыс тауып береді.  Мәселен, 2020 жылы жеке кәсіпорындар мен ұйымдар қоныс аударушылардың 71%-ын жұмыспен қамтамасыз етсе, ал мемлекеттік мекемелерге 29%-ы жұмысқа орналастырылды. Солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы бағыты басым болғандықтан, механизатор, тракторшы, комбайнер, жүргізуші, технолог-машинист, ауыл шаруашылығы жұмысшылары  қажет. Жалпы алғанда, бұл бағыттардың тиімділік деңгейі жұмыс күші тапшы аймақтардың өзіндік  ерекшелігіне байланысты» дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары.