Сall-traking деген не және оның кәсіпке қандай пайдасы бар?
Заманауи маркетиң құралының бір түрі — call-traking. Мұны көбіне интернет-дүкендер мен сайттары бар кәсіп иелері пайдаланады. Өйткені коллтрекиң арқылы қандай жарнама не іздеудің сіз үшін тиімдірек болатынын білуге болады. Егер өтінімдер мен тапсырыстар көбіне телефон арқылы қабылданатын болса, онда бұдан артығы жоқ десе артық болмас. Себебі ббұл — менеджерлердің орнын басатын құрал. Жүйе келіп түскен қоңыраулардағы айтылған әңгімені жазып алып, CRM-маркетиң ережелеріне сай өңдейді. Осылайша алынған ақпараттарды деректер базасына енгізеді. Адам қателесуі мүмкін. Ал бұл жүйеде қате деген болмайды. Сонысымен де бағалы.
Жұмыс істеу механизмі қандай?
Ендеше, коллтрекиңнің қалай жұмыс істейтініне келсек. Механизмі аса күрделі емес. Мысалы, клиент сайтқа кірді делік. Ол жерден белгілі бір тауарды не қызметті көрді. Сөйтіп хабарласайын десе, бағдарлама оған алдын-ала әзірленген виртуал нөмірлердің бірін көрсетеді. Қоңырау шалу дегенді басқан соң, ол қоңырау виртуал АТС-ке келіп түседі. Жүйедегі скрипт клиенттің қай жарнама арқылы келгенін анықтап, керек деректерді жазып алады. Әрі аталған қоңырау туралы толық мәліметке қанық боласыз. Қолданушының қай қаладан екенін, қанша уақыт сөйлескенін, түрлі кілтсөздерді, бұған дейін ол адамның хабарласқан-хабарласпағанын да білесіз. Сөйтіп осындай әңгімелерді сараптай келе, жарнаманы қай бағытта берген дұрыс, қай түрі сізге клиент әкелмейді — соны анықтай аласыз.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Минус-плюстерін де теріп шыққанды жөн көріп отырмыз. Алдымен артықшылықтарына тоқталсақ. Жарнамалық кампанияларды бастағаннан кейін оның нәтижесін көруге ыңғайлы. Әрі менеджерлердің орнын басатындықтан, бюджеттің біраз бөлігін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ең өтімді деген жарнамаларды әрмен қарай дамытып, өтпегендерін алып тастап отыруға болады. Сату бөлімінің қызметкерлерін бақылап, қандай қоңыраудың жауапсыз қалғанын білесіз. Әрі клиенттермен болған әңгімені тыңдайсыз. Сөйтіп қызмет көрсету сапасын жақсартуға, менеджерлердің кәсібилігін көтеруге болады. Келесі бір артықшылығы — өзге жүйелердегі қоңыраулар туралы деректерді қолдана алатыныңыз. Мысалы, Google Analytics-тегілерді пайдалануға болады. Егер коллтрекиңді CRM-ге біріктірсеңіз, келіп түсетін қоңырауларды өндеу процесін жеделдете аласыз. Бұл дегеніміз келіссөздер жасасуды да тездетеді.
Кемшілігі жайлы да атап өтпесе болмайды. Әрине, кейбіріне бұл минустар аса маңызды болмауы мүмкін. Ал енді бірі үшін бұл үлкен мәселе болуы да ғажап емес. Сонымен, қандай кемшіліктері яки қиын тұстары бар? Алдымен, қызмет құнын айтайық. Бұл ретте кәсіп түріне және иесінің қалтасы қаншалық қалың болғанына байланысты. Өйткені біреу үшін болмашы баға болса, енді біріне қымбат көрінеді. Мұнда ауыстырылған виртуал нөмірлердің пакетін сатып алу керек. Себебі сайтта отырған адамдардың әрқайсысына жеке-жеке нөмірлер көрсетілетіндіктен, кем дегенде 50 шақты қайталанбайтын телефон нөмірі болуы керек. Сондықтан мұндай пакетті сатып алудың қымбат-арзан екенін сатып алушының өзі ғана бағалай алады. Жүйе кейін хабарласу үшін жазып алынған нөмірлерді есепке алмайды. Яғни клиент нөмірді түртіп алып, кейін қоңырау шалатын болса, ол нөмірде басқа бір қолданушы пайдалануы мүмкін. Сөйтіп жүйеде алғашқысы емес, екінші ID ғана есептеледі. Ендігі бір кемшілік — техникалық ақау. Мұндай барлық жерде бар. Сондықтан жүйеде ақау болса немесе қоңырау үзіліп кетсе, ақпарат толыққанды алынбайды.
Коллтрекиң технологиялары һәм түрлері
Коллтрекиңнің ең негізгі екі түрі болады: динамикалық және статикалық. Әркім айналысатын бизнесіне қарай таңдайды. Динамикалық коллтрекиңде бірнеше телефон нөмірін бір көзге жалғап қояды. Әр интернет-қолданушы жарнамасы бар сайтта бірегей цирфлар комбинациясын көреді. Егер клиент сайттан шығып кетсе, оған көрсетілген нөмір автомат түрде басқа адамға беріледі. Егер сайтқа кіретін адам көп болса, демек сізге көп телефон нөмір сатып алу керек деген сөз.
Статикалық коллтрекиң болса, жарнаманы онлайн ғана емес, оффлайн орналастырғысы келетіндерге құба-құп. Мысалы, басылымдарға беруге, билбордтарға орналастыруға, радио не ТВ-дан ролик беретін болса ыңғайлы. Бірақ мұның кемшілігі сол — қолданушы туралы ақпарат ала алмайсыз. Дегенмен сізге трафик көзі туралы барлық мәлімет белгілі болады. Осы екеуін біріктіріп, комбинация жасайтын тәсіл де бар. Бұл технология түрі бүгінде ең тиімді деп саналады. Себебі бір уақытта динамикалық та, статикалық та коллтрекиңді қолдануға мүмкіндік береді. Бір уақытта бірнеше жарнама каналдарын қолданатын бизнес иелеріне таптырмайтын құрал.
Қайсысын таңдаған дұрыс?
Нақты сіздің кәсіп үшін қайсысы оңтайлы болатынын білу үшін ескеретін жайттар бар. Соның ішінде технологияның динамикалық және статикалық түрлерінің бір-бірінен басты үш айырмашылығы бар екенін білген жөн. Динамикалық коллтрекиң тек онлайн түрде орналастырылады. Ал статикалық болса, интернет-ресурстарда да, оффлайн-кампанияларға да пайдаланылады. Алғашқысын қосқан кезде бірнеше нөмір қолданылатындықтан, олардың әрқайсысын көрсеткені үшін белгілі бір тарифке сай төленеді. Статикалық технологияда тек бір телефон нөмірін көрсетесіз. Үшінші айырмашылық — ақпарат көлеміне байланысты. Айтқандай, динамикалық коллтрекиң таңдасаңыз, қолданушы туралы өте көп ақпарат аласыз.
Қалай қосылады?
Негізі орнату және баптауларын реттеу аса қиын емес. Ең алдымен қандай сервисті пайдаланатыныңызды таңдайсыз. Сөйтіп оның ресми сайтына тіркелесіз. Болмаса, ұжымдық қосылу үшін өтінім тастайсыз. Одан соң қаншасын қосқыңыз келсе, сонша виртуал нөмірді қосып, домен атын, таргет қоңырау мен сессияның қанша уақыт жалғасатынын көрсетіп трекер жасайсыз. Содан кейін жарнама каналдары мен трафик көздерін көрсету керек. Соңында арнайы «байлайтын кодтарды» көшіріп алып, сайтыңыздың әр бетіне салып қоясыз. Сонда сайтта әлгі жарнама жарқ етіп шығып, клиент тартуға қол ұшын беріп тұрады.