Жаңалықтар

Вакцинация: жақтаушылардың үлесі басым ба, әлде даттаушылардың ба?

Сауалнамаға қатысқандардың 58,5 пайызы COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдаған

Коронавиурс пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» азаматтық штаб «Вакцинация: Жақтайтындар мен даттайтындар» атты әлеуметтік сауалнама нәтижесімен бөлісті. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірі мен республикалық маңызы бар қалалар бойынша 18 жастан асқан 2 559 респондент қатысқан. 

Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда 65,6 пайызы коронавирус инфекциясымен ауырмаған болса, 3 пайызы COVID-19 жұқтырып ауруханаға жатып шыққан (ПТР тестілеу кезінде вирус анықталған), тағы 21,4 пайызында вирус белгілері болған, алайда олар ПТР-тест тапсырмаған. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы заңгерлер одағы филиалының төрағасы, азаматтық штаб мүшесі Серік Беркамалов денсаулық сақтау министрлігі өкілдерін сауалнама нәтижесімен таныстыру кезінде бұл зерттеу сұралғандардың жалпы екпе мен COVID-19-ға қарсы вакцинаға деген көзқарасындағы айырмашылықты байқауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың 11,9 пайызы жалпы екпеге қарсы болса, ал 24,2 пайызы COVID-19 вакцинасына қарсылық танытқан. 

Сұралғандардың 69,6 пайызы жалпы екпеге, ал 58,5 пайызы COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдаған. 

Жалпы вакцинацияға респонденттердің  18,5 пайызы, ал COVID-19-ға қарсы екпеге 17,4 пайыз бейтарап пікір білдірген. 

Өңірлер бөлінісінде, COVID-19-ға қарсы вакцинаға қарсылық танытқандар саны бойынша Солтүстік Қазақстан (46 пайыз), Атырау (37,8 пайыз) және Алматы облыстары (35,2 пайыз) көш бастайды.  

Коронавирусқа қарсы вакцинаны қолдаушылар бойынша Түркістан облысы (7,1 пайыз), Батыс Қазақстан облысы (10,8 пайыз) және Жамбыл облысы (11,8 пайыз) алғы шептен көрінген. Осылайша, Түркістан облысы вакциналау бойынша алға шығып, коронавирус инфекциясы бойынша «жасыл» аймаққа ауысты. 

Денсаулық сақтау министрлігі сауалнама нәтижесі бойынша, алдағы уақытта COVID-19-ға қарсы вакцинаға сенім төмен аймақтарда ақпараттық жұмысты қалыпқа келтіруге дайын екенін мәлімдеген. 

Жүргізілген сауалнамадан шыққан маңызды нәтиже – COVID-19-ға қарсы вакцина қауіпсіз. Тек 2 пайыз респондент вакцинаның денсаулыққа ұзақ жанама әсері барын атап өткен (3 күннен аспайтын уақыт). 

Елімізде жаппай вакциналау басталғалы бері оның балаларға да салынатыны туралы ақпарат тарап, бұл жұртшылықтың қарсылығын тудырған еді. Жақында осы мәселеге түсінік берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 12 жастағы және одан асқан балалар Pfizer вакцинасын ерікті түрде және ата-анасының келісімімен ала алатынын айтты. 

«Күзгі-қысқы кезеңде бізде әрдайым иммунитеттің төмендеуі байқалады, бұл жыл сайын осылай. Коронавирусқа келетін болсақ, иммунитеттің төмендеуіне байланысты, әрине, оны жұқтыру ықтималдығы жоғары, бірақ әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска кию және ең бастысы вакцина алу туралы ұмытпау керек. Ол адамды осы инфекциядан қорғайды» деді Цой. 

Эпидемиологиялық ахуалға мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі. 

Айта кету керек, ЖРВИ, пневмония немесе коронавирус инфекциясы белгілері пайда болған кезде МСАК ұйымдарының, мобильді бригадалардың, сондай-ақ  учаскелік мамандардың қызметтері, коронавирус инфекциясын анықтауға арналған зерттеулерді қоса алғанда, МӘМС жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін негізде ұсынылады. 

«Pfizer» шығарған вакциналардың жеткізілуіне келетін болсақ, ол осы жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Жеткізу мерзімі жақында мәлім болмақ.  

«Вакцина алуы тиіс тұрғындардың, атап айтқанда, жас санатына келетін болсақ, біріншіден, ҚР-да Pfizer компаниясы мәлімдеген тіркеу куәлігі мен нұсқаулықта 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер көрсетілген, олар Pfizer вакцинасын салдыра алады, бұл ретте тек ерікті негізде және ата-аналарының келісімімен салдырары» Цой. 

Ведомство басшысы сондай-ақ вакцина алуы тиіс балалардың жас параметрлерінің өзгеруі мүмкін екенін айтты. 

Қазіргі уақытта Pfizer вакцинасының логистикасы мен сақтау мәселелерін пысықтау бойынша іс-шаралар аяқталуда, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен семинар-кеңестер өткізілді. 5 жастан асқан балаларға вакцинаны қолдану бойынша денсаулық сақтау министрлігі Pfizer компаниясына сұраныс жолдады, бұл туралы ресми ақпарат алғаннан кейін қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерде COVID-19 тәрізді мультисистемалық қабыну синдромы (басқаша атауы – Каваски тәрізді синдром) байқалған, бұл аурудың ауыр ағымына әкелетін SARS-CoV-2 вирусының әсерімен уақытша байланысты жаңа синдром. Бұл инфекциядан кейінгі синдром, балаларда COVID-19 инфекциясын жұқтырғаннан кейін 2-6 аптадан соң дамиды. 2020 жылғы тамыздан бастап елімізде COVID–19-бен астасқан мультисистемалық қабыну синдромы жағдайлары тіркеле бастады. Педиатрия және балалар хиругиясы ғылыми орталығының мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19-бен астасқан мультисистемалық қабыну синдромы ҚР-дағы балаларда коронавирус инфекциясынан кейін 2-6 аптадан соң пайда болады.