ШОБ: Қазақстан мен Өзбекстандағы бизнестің жағдайы қалай?

Жарияланды
Отандық шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі төмен

Пандемия шағын және орта бизнеске едәуір қауіп төндірді. Біразының кәсібі уақытша тоқтаса, біразы нарықтан біржола кетті. Жақында Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институты арнайы зерттеу жүргізіп, пандемия жағдайындағы шағын және орта бизнес ахуалына тоқталған. 

Көп ретте ел экономикасын Өзбекстан жағдайымен салыстыра талқылап жататынымыз бар. Өйткені екі ел экономикасы өңірдегі ең ірі экономика саналады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 31 пайызға дейін өскені айтылады. 2019 жылы көрсеткіштің 28 пайыз болғанын ескерсек, бұл – әжептәуір ілгерілеу. Пандемияға дейін Қазақстанда 1,3 млн шағын және орта кәсіпорындар тіркелген. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік (ЖК) нысандары да қоса есепке алынып отыр. 

Өзбекстан ЖІӨ-сіндегі шағын және орта бизнес үлесі біршама жоғары – 59,4 пайыз. Әкімшілік және салық проблемаларына қарамастан ШОБ секторындағы белсенді кәсіпкерлер үлесі 76 пайызды құрайды. Оның көбі – 27,6 пайызы – сауда, 17,6 пайызы – өнеркәсіп, 8,7 пайызы – құрылыс, 8,9 пайызы ауыл шаруашылығы саласында кәсіп қылады. 2016 жылы ел билігінің ауысып, үкіметтің жаңаруы, соның аясында жаңа экономикалық реформалардың басталуы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берген. Реформалар мен жаңа экономикалық бағыттардың арқасында жаңа кәсіпорындар саны 32 пайызға өскен. 

Пандемияның оң және теріс әсері

Дағдарыс бір жағынан елді тығырыққа тіресе, бір жағынан тың мүмкіндіктерге жол ашады. Өзбекстанның ШОБ секторында ішкі және сыртқы сұраныс артқан, жаңа өнімдермен қатар жаңа каналдар мен сервистер пайда болған. Ал негативті әсерлер қатарында – сатылымның төмендеуі (49 пайыз), ішкі (40 пайыз) және халықаралық (13 пайыз) сұраныстың қысқаруы, уақытша жабылу (33 пайыз), келісімшарттар мен клиенттердің жоғалуы (22 пайыз), жеткізіп берудегі қиындықтар мен қаржыландыру көздерінің азаюы бар. 

Қазақстан үкіметі жергілікті бизнесті қолдау мақсатында 300 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Сонымен қатар ШОБ-ты қолдау аясында: несие кепілдігі, кәсіпорындарды қаржылай қолдау да бар. Пандемия кезінде негізінен құрылыс және өндіріс секторы аса қатты қиындық сезінбей, жаңа өсімдер көрсетуге мүмкіндік таба білген. Ал елеулі қиындық – мемлекеттік белсенді қолдау мен жаппай цифрландыруға қарамастан отандық ШОБ шұғыл түрде онлайн-режимге ауыса алған жоқ. 

Арнайы сауалнамаға қатысқан қазақстандық және өзбекстандық кәсіпорындар сатылымның дәстүрлі үлгісін қолдануды жалғастырған болса, фермерлер онлайн платформаларды мүлде қарастырмаған. Отандық шағын және орта кәсіпкерлік ұйымдары онлайн сауда үлесінің артуы және жаңа нарықтардың ашылуы пандемия тудырған тосқауылдармен күресте көмек болды дегенді айтады. Сұралғандардың жартысы көмекті сырттан іздесе, 22 пайызы туыстары мен достарының, ал 17 пайызы мемлекеттің көмегіне жүгінген. 

Зерттеу авторлары атап көрсеткендей Қазақстандағы шағын және орта бизнестің ЖІӨ-ге қосқан үлесі өте төменгі деңгейде. Бұл өз кезегінде экономикалық беріктілік пен даму динамикасына кері әсерін тигізеді. Мұндай кезде жаңа жұмыс орындарының ашылуы туралы айтудың өзі артық дейді олар. Бұл орайда үкімет экономиканы әртараптандырып, ШОБ нысандарын көбейтуге баса көңіл бөлуі тиіс. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту, қаржыландыруға қол жеткізу, біліктілікті арттыру да басты мәселелер қатарында. Жәй ғана салық жеңілдіктерін ұсынып қоя салмай, мемлекеттік органдар ШОБ нысандарына тікелей қаржылық көмек ұсынса – яғни, арзан немесе пайызсыз қаржы берсе, салық мөлшерін төмендетсе – ең қолайлы әрі тиімді көмек сол болар еді деген ой айтады авторлар. 

Екі елде де онлайн сатылымның әлі төмен деңгейден көтеріле алмауы – кәсіпорындардың жаңа клиенттер табуына кедергі келтіруде. Сондықтан үкіметтің елдегі интернет таралымының шынайы жағдайын анықтап, оның мүмкіндіктерін арттырумен шұғылдануы қажет-ақ. Бұл ретте халықтың онлайн сауаттылығын арттырып, қызметтерді арзан ұсыну да артық болмайды.  

Сонымен қатар шағын және орта бизнес пен формалды емес бизнесті қаржыландыру кезінде үлкен қиындықтар да туындап жатыр. Мекен-жай көмегінен бөлек, несие алу кезінде банкке міндетті түрде кепілдік ұсыну міндетін жеңілдету немесе алып тастау да – кәсіпкерлердің тынысын ашар, жұмысын жеңілдетер жағдай болар еді. Кәсіпкерлердің соңғы уақытта жеке тұлға ретінде несие рәсімдей бастауы да – банк тарапынан қолдаудың аздығын және қаржы ұсыну кезіндегі бюрократиялық кедергілердің көптігін растайды. 

«Жасалған талдау сыртқы сауданың (экспорт құлдыраған ішкі сұраныстың орнын басуға көмектеседі) пандемияға байланысты қиындықтарды жеңіп, компаниялардың беріктілігін арттыруда маңызды механизм бола алатынын көрсетті. Ол сондай-ақ – инновация мен әртараптандырудың да маңызды каналы. Бизнес-ортаны жақсарту, шағын және орта бизнесті қадағалау мен салық салуды жеңілдету басты ұлттық экономикалық басымдыққа айналуы тиіс» делінеді зерттеуде. 
 

Сондай-ақ оқыңыз