2021 жылдың тоғыз айында ел экономикасы қарқын алып, ішкі жалпы өнім көрсеткіші 3,4 пайызға ілгерілеген. Экономиканы қалпына келтіруге дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралар әсер еткен. Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, экономиканы жеделдетудің негізгі драйвері – нақты сектордағы өндірістің тұрақты өсуі.
«Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,7%-ға өсті. Өсім машина жасауда 22,8%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 31,6%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 50,5%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде – 10,1%-ға, фармацевтикада – 38,1%-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінде – 31,4%-ға, киім өндірісінде – 14%-ға, жиһаз өндірісінде – 14,9%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінде – 17,2%-ға байқалады. Инвестициялардың өсуін белсенді қалпына келтіру жалғасып, тау-кен өндірісін есепке алмағанда 2%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері құрылыста (+126,3%), өңдеу өнеркәсібінде (+80,6%), саудада (+37,8%), ауыл шаруашылығында (+36,7%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (+18,9%), қаржы қызметінде (+15,6%), ақпарат пен байланыста (+14,3%) байқалды» делінген үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл орайда үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «өткен тоғыз айда қызмет көрсету секторында динамика жанданды, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталып, сауда балансының оң сальдосының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалады» дейді.
«Биыл тоғыз айда тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 80,6%-ға, саудада 37,8%-ға, ауыл шаруашылығында 36,7%-ға, ақпарат және байланыста 14,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,9%-ға және қаржы саласында 15,6%-ға өсті» Ерғалиев.
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Салалар арасында құрылыс саласының шоқтығы биік. Бұл секторда жұмыс көлемі 9,7 пайызға өскен.
Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, тоғыз айда трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджетке кірістер 7 трлн 912 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 104%-ға орындалған.
«Жалпы, кірістер бойынша жоспар 7 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар 22 млрд теңгеге атқарылды, салықтық емес түсімдер 17 млрд теңгеге атқарылмады» деп баяндады Жамаубаев.
Министрдің айтуынша, биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қазанға оларға 1 трлн 525 млрд теңге бөлінген. Оның 99,5%-ы игеріліпті. Атқарылмағаны – 7 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 3 млрд теңге, игерілмегені – 4 млрд теңге.
Осы орайда үкімет ұлттық даму жобаларын бекіткен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында үлкен жұмыс атқарылды» деді Мамин.
• «Тұрақты экономикалық өсу»
• «Кәсіпкерлікті дамыту»
• «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобалары,
• 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба,
• «Жасыл Қазақстан»
• «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс»
• «Білімді ұлт» сапалы білім беру»
• «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау»
• «Ұлттық Рухани Жаңғыру»
ұлттық жобалары биыл қабылданған Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленген.
Премьер-Министр ұлттық жобаларда көзделген іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларына және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті. Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.