Алматыда TransLogistica Kazakhstan 2021 24-ші халықаралық көрмесі шеңберінде «Пандемия кезеңіндегі авиация саласы және саланың инфрақұрылымдық жобалары» атты сессия өтті. Оған спикер ретінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Азаматтық авиация жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин қатысты. Сондай-ақ авиациялық әкімшілік, авиация академиясы, отандық шетел әуе компаниялардың өкілдері де бас қосты.
Қатысушылар Қазақстандағы әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымының жұмыс істеп тұрған нысандарын жаңғырту және жаңасын салу, пандемия кезеңінде әуе тасымалдаушы компанияларды фискалдық және қаржылық қолдау мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұшу бағыттарын ашуға шектеулерді алып тастаудағы кедергілерді талқылаған.
Тосын қиындық тудырған 2020 жыл авиация саласы үшін де ауыр өтті. Қаншама рейс тоқтап қалып, соның салдарынан отандық әуе компаниялары 350 млрд теңгеден астам шығынға батты. Қазір рейстер толықтай қалпына келген. Қазір халықаралық рейстер 20 елде 58 бағыт бойынша аптасына 237 рейс орындалып жатыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына бес әуежайды (Қостанай, Орал, Қызылорда, Шымкент, Алматы) жаңғырту жөніндегі жоспар енгізілген. Сондай-ақ, жергілікті әуе желілерінің сегіз аэродромының инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланған.
Олар:
• Жәнібек,
• Казталовка,
• Сайқын,
• Арқалық,
• Сарыағаш,
• Қарқаралы,
• Ұлытау,
• Зайсан қалаларында орналасқан.
«Биыл 2-11 тамыз аралығында үйлестірілген валидациялық миссия шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы тәуелсіз тексеруі өтті. Алдын ала деректер бойынша, Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін көтерді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15 пайыз жоғары» дейді азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Сарапшылар іс жүзінде барлық көрсеткіштер бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өскенін атап өтті. Бірінші кезекте – «Ұйымдастыру құрылымы» және «Заңнама» бойынша. Ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Нидерланды, Бельгия, Португалия, Чехия (87 пайыз), Латвия (86 пайыз), Дания (85 пайыз), Исландия және Польша (84 пайыз) сияқты елдердің деңгейіне жеткен.
Сондай-ақ көрме аясында «Көлік және логистика нарығы» III хХалықаралық конференциясы да өтті. Екі күн ішінде қатысушылар отандық көлік саласының жай-күйі мен даму перспективаларын – контейнерлеу бағдарламасын, көлік саласындағы ақпараттық және цифрлық технологияларды, көлік және логистикадағы инфрақұрылымдық жобаларды талқыға салды.
Қазір елімізде 20 әуежай бар, олардың 18-і ИКАО талаптарына сәйкес келеді.
Көрмеге қатысқан вице-министр Берік Қамалиев соңғы 15 жылда отандық транспорт саласына 35 млрд доллар инвестиция құйылғанын атап өтті.
«Пандемияға қарамастан 2020 жылы транзиттің жалпы көлемі 22,7 млн тоннаны құрады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 17 пайызға жоғары. Контейнерлік транзит 876 мың жиырма футтық эквивалентке жетті. Өсім – 32 пайыз. 2025 жылы біз 2 млн транзиттік контейнердің өтуіне жағдай жасаймыз» деді ведомство өкілі.
Ал теміржол транспорты арқылы биыл 9 айда 307 млн тонна жүк тасымалданыпты.
«Магистралды теміржол желілерінің өту қабілетін күшейту маңызды мәселе болып қалып отыр. Сондықтан бізде Достық-Мойынты, Түркістан-Шымкент-Ташкент бағыттары бойынша ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады» деді вице-министр.
Ол қазір бүкіл әлемде контейнерлік тасымалдың белсенді дамып жатқанын және бұл үрдістен Қазақстанның да тыс қалмайтынын айтты.
«Біздің алдымызда 2025 жылға дейін контейнерлердегі жүк көлемін 22 млн тоннаға дейін арттыру міндеті тұр. Бұл мақсатқа жету үшін бізге 117 мыңнан астам 20-футтық контейнер керек. Бірінші кезеңде нарыққа 10 млн тоннаға дейінгі жүк көлемін әкелу қажет. Транскасий бағытында тасымалдарды дамыту үшін Ақтау және Құрық порттары арқылы жүк тасымалдарын арттыру шаралары қабылданбақ. Теңіз порттарының өткізу қабілеті жылына 27 млн тоннаны құрайды. Контейнерлік тасымалдарды дамыту үшін Ақтау, Баку (Әзірбайжан) және Каспиан (Иран) порттары арасында тұрақты фидерлік желілер ашылды. Қазір Ақтау порты базасында «контейнерлік хаб» қалыптастыру жүріп жатыр» деді Қамалиев.
Қазір Қазақстан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 100 мың шақырымды құрайды. Теміржол ұзындығы – 21 мың шақырым. Қазақстанның «Батыс қақпасында» Ақтау және Құрық порттары тұрса, «Шығыс Қақпада» – «Қорғас» әлеуметтік экономикалық аймағындағы Құрғақ порт бар.
Ел территориясы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның бесеуі – теміржол, алтауы – автомобиль жолдары.
Еске салайық, 2021 жылғы 13-15 қазан аралығында Алматыда «Көлік және логистика» халықаралық көліктік-логистикалық қызметтер мен технологиялар көрмесі – TransLogistica Kazakhstan 2021 өтті. Ол 1996 жылдан бергі жұмыс кезеңінде бүкіл Орталық Азия өңіріндегі ең ірі көліктік көрме мәртебесіне ие болған. Биыл көрмеге Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Латвия, Литва, Ресей, Украина және Эстонияның 80-нен астам компаниясы қатысты.