Инвестиция

Елімізде дизель бағасы қымбаттай ма?

Мұнай базалары жаңаша жабдықталмақ

Қай салада да баға қымбатшылығы етектен алып тұрғанда энергетика саласының одан тыс қалуы әсте мүмкін емес. Азаматтар жанар-жағармай бағасының ауық-ауық қымбаттауына да үйреніп алды. Ай бұрын елімізде дизель тапшылығы туындады. Алматыда кейбір бекеттер дизелді 245 теңгеден де сата бастаған еді. 

Мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукиннің айтуынша, өңірлердегі дизель қоры төмендеп кеткен. Зауыттар тәулігіне 15-16 мың тонна өндіруде. Ал бізге күн сайын 17-18 мың тонна дизель қажет екен. Осы орайда ол Қазақстан дизель импортына мұқтаж деген еді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл өндірілетін дизель отыны көлемі 4,9 млн тонна. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш екен. Бірақ жыл басында Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысының тоқтап қалуы өндіріске кері әсер еткен. Соған байланысты нарыққа 239 мың тоннасы кем отын келеді. 

Вице-министр Әсет Мағауовтың сөзінше, тамыз және қыркүйек айларында дизель отыны өте көп тұтынылған – шамамен 520 мың тонна. Бұл қор тез таусылып, импорт жасалмаған. Нәтижесінде қорда 200 мың тонна дизель отыны және 26 мың тонна тасымал отыны қалған. 

«9 айда дизель отынының орташа бағасы 188 теңге/литрді құрады. Соңғы уақытта бағаның өсуі өте маңызды болды: литріне 208 теңгеден 330 теңгеге дейін. Айта кетейік, 2019 жылы орташа баға жоғары болды және 193 теңге/литрге тең болды, 2020 жылы да осы баға болды. Бұл ретте, 2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының бағасы 255-270 теңге/литр арасында тоқтады. Отынды жеткізу жағдайының тұрақтануына қарай, баға да тұрақтанады деп ойлаймыз»  деді ведомство өкілі.

Енді Қазақстан дизель отынын қандай бағамен сатып алады және ел аумағында оны қандай бағамен сатады? 

«Біз Ресейден «шартты түрде арзандатылған» отын сатып алмаймыз. Ресей бізге коммерциялық бағамен сатады, ол шекарада шамамен 230 теңгені құрайды. Көлік шығындарын және тағы басқа факторларды ескерсек, ол жанар-май құю стансаларында 260-270 мың теңгеден сатылуы мүмкін. Бұл біздің жеткізушілер келісе алған ең төмен баға. Кейбір компаниялар қымбатырақ импорттайды, өйткені РФ-дағы нарықтық жағдай да бізге тиімсіз. Brent бағасы көтерілді, ал дизель бағасы Brent бағасына белгілі бір пропорцияда тәуелді және Ресейдегі дизельдің экспорттық бағасы қымбаттады. Жаңа бағалар сәйкесінше көптеу болады деп ойлаймын. Ал ішкі нарықтағы бағалар – литріне 208-330 теңге шамасында. Кейбір компаниялар әлі де бұрынғы қорларын сатуда, бір бөлігі нарықта ақша табуға тырысып, жоғары баға белгілеуде» деп жауап берді ведомство өкілі.  

Сондай-ақ брифингте Мағауов: 

•    Көктемде қордың азаюына байланысты автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынғанын; 
•    Биыл сәуір айынан бастап темір жол көлігімен дизель отынының экспорты тоқтатылғанын; 
•    Атырау МӨЗ-ін жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылғанын; 
•    Қазан айында Атырау МӨЗ-мен Шымкент МӨЗ мұнай жеткізілімдерімен 100 мың тонна мұнайға қосымша жүктеме алғанын айтты. 

«Бұл қосымша 29 мың тонна дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді. Ай басында дизель отынының қорын толықтыру үшін Павлодар мұнай-химия зауытында бастапқы өңдеу кешенін жөндеуді 9 күнге ауыстырдық, бұл да қазанның бірінші онкүндігінде шамамен 30 000 тонна отын өндіруге мүмкіндік береді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізілді. Ол жақтан дизель отынын жөнелту жанданып жатыр. Егер 1-20 қыркүйек аралығында зауыттардан жөнелту шамамен 5,5 мың тоннаны құраса, 21-30 қыркүйек аралығында жөнелту 38 мың тоннаны, 1-10 қазан аралығында 22 мың тоннаны құрады. Кедендік статистика арқылы бұл жеткізілімдер расталды. Қыркүйек айында импорт 17 мың тоннаны құрады, ал 8 күнде 32 мың тонна дизель отыны шекарадан өткізілді. 11 қазандағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы қалдығы 215 мың тоннаны, оның ішінде тікелей мұнай базаларында 123 мың тоннаны құрайды. Қабылданған шараларды, сондай-ақ дизель отынын өндіру қазан айында 330 мың тоннаны құрайтынын және импорттық жеткізілімдердің жандануын ескере отырып, қазан айына дейін 80-ден 100 мың тоннаға дейін импортталады деп жоспарланған» деді спикер. 

Дизель отынының қолда бар қорларын жедел мониторингтеу үшін министрлік еліміздің барлық мұнай базаларын автоматты деңгей өлшеуіштермен жабдықтау қажеттілігін көтерген болатын. Олардың деректері жанар-жағармай қалдықтарының деңгейін нақты уақытта қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы министрлігі қаржылық мониторинг агенттігімен және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен (келісім бойынша) бірлесіп, ірі мұнай базаларына қатысты дизель отынын өткізуді жасанды шектеу тұрғысынан тексеру жүргізу мәселесін пысықтауда.

Вице-министр елдегі сұйытылған газ өндірісіне де тоқталып, оның көлемі жылына 3,2 млн тоннаны құрайтынын да атап өтті. Оның 1,5 млн тоннасы экспортқа шығарылмақ. 2019 жылы – 139 мың, ал биыл 313 мың автомобиль сұйытылған газ пайдаланған.

«Бұл ретте сұйытылған газдың бағасы өңірге байланысты бензин бағасынан 2-3 есе арзан. Бүгінде сұйытылған газ көп тұтынылады. Тиісінше, ішкі нарықта сұйытылған газ бойынша тапшылық орын алды. Жаңа зауыт салу бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Маңғыстау облысында 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалануға берілетін қуаты жылына 232 000 тоннаны құрайтын зауыт – жобалау сатысында. Нарық субъектілері тарапынан макронарық енгізуге қатысты бірнеше мәселе болды. Бұл министрлік тарапынан дұрыс шешім болды деп есептейміз, өйткені сауда-саттықты бірқатар облыстарға бөлген кезде облыстар арасындағы елеулі айырмашылық байқалды және олардың макронарық көлемінде іріленуі жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, сондықтан осы тәсілді ұстанамыз» деп түсіндірді спикер.  

Бұдан басқа, сұйытылған газ саудасын 2022 жылдан бастап биржаға толығымен көшіру көзделген. Бұл ішкі нарыққа мұнай газын жеткізу жоспарларын қалыптастыру қағидаларында қарастырылған. Әсет Мағауов макро нарықтарды осы іс-шараға дайындық кезеңдерінің бірі деп атады.